Израиль елшілігінің бастамасымен Елбасы Кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабековтің және мәдениет жөніндегі атташе Регина Шафир-Бродскимен кездесу ұйымдастырылды. Дипломат бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылауды ұсынды.
Биылғы сәуір айында Қазақстан мен Израиль арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 25 жыл толады. Регина Шафир-Бродски Астана мен Тель-Авив арасындағы ынтықмақтастықтың дамуына жоғары баға беріп, қазақстандықтардың қонақжайлылығы мен ілтипатына ризашылығын білдірді. «Қазақстандықтарға тән қамқорлық пен мейірімділіктің арқасында ғана Қазақстанға жер аударған саяси репрессиялар құрбандарының көбісі аман қалды», - деді ол.
Қазір Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынас нығая түсуде. Оған Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудің таяудағы Астанаға сапары да өз ықпалын тигізді. «Қазақстанда өмір сүріп жатқан ірі еврей диаспорасы және Израильдегі қазақстандық қоғам – ұлттарымыз арасындағы сындарлы қарым-қатынастың көпірі», - деп атап өтті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Бейсембай Жұмабеков Кітапхананың халықаралық байланыстары туралы сөз қозғады.
– Елбасы кітапханасының құрылғанына 3 жыл толған жоқ. Десек те мекемеміз абыройын әлемге паш етіп, бүгінде Халықаралық кітапханалар қауымдастығының қатарына кіреді. Тель-Авив университетімен ғылыми байланыс орнатылған, - деді ол.
Директор орынбасары Жапсарбай Қуанышев қазақстандық жастарды патриотизмге баулуға бағытталған Кітапханадағы әлеуметтік және мәдени-ағартушылық жобалардың мәнін түсіндірді.
Кездесуге қатысушылар елдер арасындағы мәдени қарым-қатынастарды дамыту жолдарын талқылады.
Кездесудің сыйлы қонағы отырыстан соң, Кітапхана экспозицияларымен және Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевқа берілген шет мемлекеттердің жоғары марапаттарымен, интерактивті білім беру орталығының жұмысымен танысты. Регина Шафир-Бродски Кітапхананың экспозиция, кітапхана және архив қорына жоғары баға беріп, жастармен жұмыста заманауи әдістер мен технологияларды пайдалану ерекшеліктерін ерекше атап өтті.





