Елбасы кітапханасының музейінде елордалық №№ 2, 3, 6 мектеп-гимназияның оқушыларына Ю.А. Гагаринның ғарышқа ұшуының 60 жылдығы және Т.О. Әубәкіровтің ғарыштағы алғашқы сапарына 30 жыл толуына арналған «Қазақстан – ғарыш айлағы» тақырыбында музей сабақтары өткізілді.

Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің ғылыми қызметкері Дәметкен Кушунова тыңдаушыларды ғарыш кеңістігін игеру тарихымен таныстырып, аспан әлемін зерттеген адам рөліне тоқталды. Оқушылар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың отандық ғарышкерлікті дамытудағы бастамаларымен танысып, Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы, алғашқы қазақстандық ғарышкерлер және халықаралық ғарыш жобалары туралы тереңірек білді.

Ғарышкерлер күніне арналған «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрменің интерактивті көпшілік бағдарламалар аясында қатысушылар назарына С.П. Королев, Ю.А. Гагарин, В.В. Терешкова, П.И. Беляев, А.А. Леоновтың есімдерімен байланысты бірегей мұрағаттық заттар және В.А. Шаталов, В.И. Пацаев, А.С. Викторенконың жеке заттары ұсынылды.
Музей экспозициясының материалдары бойынша оқушыларға арналған квест-ойын әзірленді. Онда қатысушылар топта жұмыс істеу дағдыларын мен ойға жүйрік екендерін көрсетті.
Музей сабақтары оқушылар мен мұғалімдердің қызығушылығын арттырды. № 2 мектеп-гимназиясының мұғалімі Махарам Бебезова ой бөлісті:
– Бүгін Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназияның 6 «Д» сынып оқушылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында өткен «Қазақстан – ғарыш айлағы» музей сабағына қатысты. Кездесу өте танымды және қызықты өтті. Балалар ғарышты игеру тарихы туралы көп нәрсе білді. Музей қызметкері сабақты шебер өткізді. Ол оқушыларға сұрақтар қойып, бағыттап, көңілдерін сергітіп отырды. Сондай-ақ балалар үшін қызықты квест-ойын ұйымдастырылды. Елбасы кітапханасына осындай форматта сабақтар ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Рахмет сіздерге!