2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ штаб пәтерінде (Нью-Йорк, АҚШ) өткен дауыс беру барысында Қазақстан БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің 138-інің дауысына ие болып, алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Қазақстан Орталық Азияның бес елінің ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне бірінші болып сайланған ел. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі [1] (БҰҰ ҚК) – бүкіл жер шарында бейбітшілікті сақтауға негізгі жауапкершілік жүктелген дүниежүзілік ұйымның басты органы.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы мүшелік кезеңінде күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тәуелсіз саясат жүргізіп, сындарлы қызметімен БҰҰ-ның негізгі органының жұмысына елеулі үлес қосты.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өкілеттіктері басталған 2017 жылғы 1 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне «Қауіпсіз, əділ жəне өркендеген əлем құру үшін жаһандық əріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атаумен Саяси үндеу жариялады.
2016 жылдың наурызындағы Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінің қағидаларына негізделген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Саяси үндеуі әлемдік қауымдастықты қауіпсіз, əділ жəне өркендеген əлем құру үшін жаһандық əріптестікті жасақтауға шақырды.
Құжатта Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қызметіндегі басымдықтары белгіленді, Қазақстан осы басымдықтарды ұстану арқылы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына барынша мазмұнды және сындарлы үлес қосуға ниеттенді. Олардың қатарында: ядролық қарудан азат əлем құруға қол жеткізу; жаһандық соғыстың алдын алу және жергілікті қақтығыстарды реттеу; Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті нығайту; халықаралық терроризммен күрес; Африка континентінде бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу; қауіпсіздік пен тұрақты даму арасындағы бір-біріне байланыстылықты қамтамасыз ету; БҰҰ-ның орнықты даму және реформалау мақсатына қол жеткізу.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арналған Саяси үндеуінде шынайы үнқатысусыз қақтығыстардың алдын алып, бейбітшілікті сақтау мүмкін еместігі жария етілді. 2045 жылы – Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығы қарсаңында ядролық қарудан азат əлем құру туралы практикалық мақсат жаһандық деңгейде жасақталды. БҰҰ-ның іс-әрекетін әлемдік ауқымда, атап айтқанда Орталық Азия аймағы аясында жандандыру қажеттігі өңірлік деңгейде атап өтілді.
Қазақстан Ауғанстандағы қақтығыстың түбегейлі себебін жоюға және терроризм мен пәрменді экстремизмнің таралуын алдын алуға баса назар аудара Орталық Азия аймағында бейбітшілік пен ынтымақтастықтың өңірлік моделін құруды ұсынды.
2018 жылғы 18 қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ аясында мемлекеттердің жаһандық терроризмге қарсы коалициясын құруға бағытталған лаңкестіктен ада, бейбітшіліктің жетістігі жөніндегі мінез-құлық Кодексі қабылданды. Кодекстің қабылдануын БҰҰ басшылығы мен Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы құрылымдары, жүзден астам мүше мемлекеттердің делегация өкілдері қолдады.
2018 жылғы қазанда Қазақстан Қарулы күштерінің тарихында алғаш рет қазақстандық бітімгершілік полк құрама бітімгершілік ротасының 120 әскери қызметшісінен тұратын контингент Ливандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Уақытша күштері (UNIFIL) құрамында қызмет етуге жіберілді.
Бұдан басқа, 2018 жылдың қаңтар айы ішінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының қызметін атқарды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуді ҚК-і мүшелері бір ай сайын кезекпен жүргізеді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету – жоғары халықаралық мәртебе, өйткені, БҰҰ Жарғысына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесіне бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті сақтауға негізгі жауапкершілік жүктеледі және БҰҰ-на мүше елдердің барлығы оның шешімдеріне бағынуы тиіс.
Қазақстан төрағалық еткен кезеңде кеңес беру, брифинг және пікірталас форматында 30-ға жуық отырыс өтті, олардың нәтижесі бойынша Кеңес төрағасының резолюциялары мен баспасөз үшін мәлімдемелер қабылданды.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуіне байланысты ядролық қаруды таратпау мәселесі 2018 жылғы қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінде талқыланған негізігі тақырып болды.
2018 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының тілі ретінде алғаш рет қазақ тілін сөйлетті. 2018 жылғы 18 қаңтар күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті. Отырыс тақырыбын Қазақстан ұсынып, Кеңестің барлық мүшелері тарапынан қолдау тапқан болатын.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастықты ядролық қарудан бас тартуға шақырып, «егер дүние жүзінің елдері ядролық қару жөнінде келіссөздер жүргізуге ниет білдірсе» Солтүстік Корея жөнінде мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын екендігін жария етті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайту жөніндегі бірқатар басты шараларды ұсынды: ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар елдерге санкция мен мәжбүрлеу шараларын енгізу арқылы Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуын қиындату үшін БҰҰ ҚК арнайы резолюциясын әзірлеу; жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу; «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде ұсынылған соғысқа қарсы жалпыәлемдік шараларды жүзеге асыру негізінде жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту; Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспарды жүзеге асыру; Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру; жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейту, сондай-ақ, ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алу.
Отырыстың қортындысы бойынша БҰҰ ҚК төрағасының S/PRST/2018/1 мәлімдемесі (Presidential statement) қабылданды. Қабылданған құжаттың бірегейлігі – ертерек алдын алу, алдын ала өрістету, арағайындық, бітімгершілік, қақтығыстан кейінгі әлем құрылысы және есеп беру шараларын нығайту мәселелерімен қатар алғаш рет жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелерінің енгізілуі.
2018 жылғы 12-15 қаңтарда Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі делегациясының Ауғанстан Ислам Республикасына сапары ұйымдастырылып, Кабул қаласында ауғандық қоғамының барлық өкілдерімен 15 кездесу өтті. Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің 2010 жылдан бері болған алғашқы сапары бейбітшілікті нығайту мен дамуды ілгерілетуге бағытталған ауғандықтардың жігерін қолдауға арналған.
2018 жылғы 19 қаңтарда Қазақстанның бастамасы бойынша «Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестікті қауіпсіздік пен дамудың өзаратәуелділік үлгісінде құру» тақырыбында министрлік деңгейінде дебаттар өткізілді. Дебаттың қорытындысы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының S/PRST/2018/2 мәлімдемесі (Presidential statement) қабылданды. Мәлімдеме Орталық Азия аймағындағы мүдделі елдер мен халықаралық құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыру мен үйлестіруге ықпал етуге шақырады.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық қызметі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен Қазақстан Республикасының бейбітшіл сыртқы саясатының табысты жүзеге асырылуының нәтижесі. Аса беделді халықаралық институт Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстан Республикасының төрағалығы барысында қазақстандық делегация бастамашы болған іс-шаралардың табысты өтуі Қазақстанның халықаралық аренадағы елдік жоғары репутациялық мәртебесін және халықаралық саяси және экономикалық қауымдастық тарапынан республикамызға көрсетілген зор сенім екендігін білдіреді.
Дереккөздер тізімі:
Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысында сөйлеген сөзі // http://www.akorda.kz/kz/speeches/external_political_affairs/ext...
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аралық есебі S/PV.7857 // https://undocs.org/ru/S/PV.7857
2018 жылғы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары және қабылданған шешімдер // https://www.un.org/securitycouncil/ru/content/meetings-records-2018
2017 жылғы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары және қабылданған шешімдер // https://www.un.org/securitycouncil/ru/content/meetings-records-2017
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті // http://www.akorda.kz/kz/events/international_community/foreign_visits/...
Казахстан завершил работу в качестве председателя Совбеза ООН // https://lenta.inform.kz/kz/kazahstan-zavershil-rabotu-v-kachestve-predse...
https://www.inform.kz/ru/respublika-kazahstan-v-sovete-bezopasnosti-oon_...
На олимпе мировой дипломатии – Казахстан в Совете Безопасности ООН // https://www.kazpravda.kz/articles/view/na-olimpe-mirovoi-diplomatii--kaz...
Члены СБ ООН утвердили программу казахстанского председательства // https://kapital.kz/gosudarstvo/65810/chleny-sb-oon-utverdili-programmu-k...
[1] Қауіпсіздік кеңесі - Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жауапкершілігі жүктелген негізгі саяси органдарының бірі. БҰҰ ҚК 15 мүшеден тұрады, оның бесеуі тұрақты мүше: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция – Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңімпаз елдері (вето қою құқығына ие), және БҰҰ Бас Ассамблеясы екі жылдық кезеңге сайлайтын 10 тұрақты емес мүше.
