Қазақстан БҰҰ қатарында 25 жыл

Бүгін Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғанына 25 жыл толды.

1992 жылдың 2 наурызындағы 46-шы сессия барысында еліміз БҰҰ 168-ші толық құқықты мүшесі атанды. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің және мемлекет егемендігінің халықаралық деңгейде мойындалуының айғағына айналды.

Елбасы кітапханасында Қазақстанның және Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ-дағы, жаһандық қауіпсіздікті сақтау мен нығайтудағы рөлін бейнелейтін жәдігерлер сақталған.

1992 жылғы 9 қазанда шыққан «Казахстанская правда» газетінің (№233) түпнұсқасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтің 1992 жылдың 5 қазан күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеген сөзі берілген. Нұрсұлтан Назарбаев дер кезінде әлемдегі шиеленістердің алдын алудың, кез келген елдің мемлекеттік тұтастығын бұзуға жол бермеудің маңыздылығын белгіледі. Жер-жаһандағы қазіргі ахуалды ескерсек, Елбасының 25 жыл бұрын Нью-Йоркте ортаға салған идеялары бүгінде өміршеңдігін жоғалтқан емес.

Кітапханада Елбасының БҰҰ тарихи маңызды оқиғаларына қатысқан суреттері сақталған: 2015 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму кезеңіне арналған күн тәртібін қабылдау жөніндегі саммитінде, 2010 жылдың 1 желтоқсанында ЕҚЫҰ саммитінде, 2016 жылдың 1 сәуірінде Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің 1-ші сессиясында сөз сөйлеуі. БҰҰ алаңында Н.Ә.Назарбаевтың ұсынған идеялары мен бастамалары әлем жұртшылығының қолдауына ие болды.

Елбасы кітапханасының музейі ғимаратындағы сәндік тостаған келушілерді бей-жай қалдырмайды. Оны БҰҰ Бас хатшысы (2007-2016) Пан Ги Мунның  2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанадағы ресми сапары кезінде Елбасына тарту етті.

Кәдесыйлық тот баспайтын болаттан жасалған. Дөңгелек пішінді, сатылы аяқшасы бар. Тостағанның жоғарғы бөлігіне екі зәйтүн бұтақтарымен көмкерілген бірдей қашықтықтағы азимутты кескінді әлем картасын бейнелейтін БҰҰ эмблемасы басылған. Зәйтүн бұтағы Ежелгі Грекияда бейбітшіліктің нышаны болған. Әлем картасы – барлық әлемде бейбітшілік орнатуды көздейтін Ұйымның негізгі миссиясы жүзеге асырылатын кеңістік. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап БҰҰ және оның мамандандырылған мекемелерінің жұмысына белсенді қатысып, әлемдегі әділетті тәртіпті, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті сақтауда сүбелі үлес қосуда.

Сонымен қатар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайланғаны белгілі.