ҚАЗАҚСТАН АСТАНАСЫНЫҢ ТАРИХЫНА ҮҢІЛУ

Елордадағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері мен оқытушыларына «Нұр-Сұлтан - тәуелсіз Қазақстанның символы» атты бинарлы ашық дәріс өткізілді. Бұл университет пен Елбасы кітапханасының бірлескен жобасы.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Х.Әубәкірова мен Елбасы кітапханасының әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобаларының жетекші ғылыми қызметкері Н.Мусина дәріскер болып, сөз сөйледі.

«Елорда мемлекет тарихында әрқашан ерекше орын алады, ол елдің дамуын, оның әлеуетін, болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді. Қазақстанның астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы республикамыздың қазіргі әлемдегі әлеуетін көрсетті. Бүгінде елорда мемлекет дамуының қазақстандық моделін құрудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларының табысты жүзеге асқан бастамасы, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның бейнесі, республиканың жаңаруы мен тәуелсіздігінің символы ретінде қабылданады. Дәріс барысында біз осы аспектілерді ашуға тырыстық », - деп атап өтті Н.Мусина.

Дәріс барысында тыңдаушылар қала тарихындағы басты кезеңдер туралы ақпарат алып қана қоймай, елорданы ауыстырудағы қазақстандық тәжірибе негізінде тәуелсіз Қазақстанның бой көтеруінде Елбасының тарихи рөлі хақында ғалымдардың пікірінен де хабардар болды.

«Нұр-Сұлтан тәуелсіз елдің астанасы ретінде қайта өркендеу мен дамудың символы саналады, сондықтан қазақстандықтардың елорданың тарихы туралы білімдерін кеңейту керек», - деді Х.Әубәкірова.

Студенттер танымдық дәріс үшін алғыстарын білдірді. Ілияс Сағымбаев мұндай дәрістер тарихты оқып-зерттеуге шабыт береді десе, Жібек Ниязова материалдың мазмұндығы мен оны беру ерекшелігін тілге тиек етті.

Дәріс алдағы мемлекеттік мерекелерге - Тұңғыш Президент күніне және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналды.