ҚАЗАҚСТАН АСТАНАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ВОЛОНТЕРЛІК САҒАТ

Елбасы кітапханасының қызметкерлері мен волонтерлері елордалық оқушылар үшін «Астана – мемлекет бірлігінің нышаны» тақырыбында онлайн волонтерлік сағат өткізді. Нұр-Сұлтан қаласының №60 және №70 мектептерінің оқушылары еліміздің бас қаласының қалыптасу тарихынан  сыр шертетін қызықты деректерге қанықты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен бой көтерген елорда Тәуелсіздіктің және еліміздің жаһандық табысының жарқын символы. Түрлі мәдениет пен өркениет тоғысқан Сарыарқа даласының төсінде бас қала күннен-күнге көркейіп келеді. 

«Қазақстанның қазіргі астанасы ел болашағының бесігі саналады. Қала бүкіл әлемдегі саяхатшылар үшін тамаша орталыққа айналды. Қарқынды дамып келе жатқан Нұр-Сұлтан – мемлекеттің жүрегіндей. Бұл туралы біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген барлық адамдарға мақтанышпен айтамыз», - деді  волонтерлер мектеп оқушыларына.

Қаланың тарихи орындары бейнеленген мұрағаттық фотосуреттер балалардың ерекше қызығушылығын оятты. Елбасы кітапханасының жаңа ғимаратында елорданың тарихы мен дамуына арналған зал бар. Мұнда заманауи цифрлық технологиялар қолданылады. Атап айтқанда, медиа-үстелдің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, келушілер қаланың бірегей фотосуреттерін «Кеше/Бүгін» айдарынан көре алады.

Волонтерлік онлайн-сағаттың екінші бөлімінде практикалық жұмыс ұйымдастырылды. Оқушылар елорданың негізгі көрікті жерлері туралы материалға талдау жүргізді.

– Волонтерлер Қазақстан тарихындағы астаналар туралы айтып берді. Түркістан – таңғажайып тарихы бар қала ғана емес, астана болғанын білдім. Нұр-Сұлтан қаласының тарихы да ежелгі Бозоқ қалашығынан бастау алады. Бұл ежелгі орынды бүгін  көзбен көруге болады. Елбасы кітапханасына қызықты және танымдық ақпарат үшін алғыс айтамын», - деп ой бөлісті № 60 ОМ оқушысы Расул Азаматұлы.