ҚАЗАҚСТАН – АҚШ: СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК

Америка Құрама Штаттары (АҚШ) - Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекет. 1991 жылы 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Алматыда кездесті, сол жылы 26 желтоқсанда АҚШ Президенті Джордж Буш Елбасына тәуелсіздікті тану және дипломатиялық қатынастар орнату туралы жеке үндеу жолдады.

1992 жылы мамырда Нұрсұлтан Әбішұлының Америка Құрама Штаттарына алғашқы ресми сапары өтті, оның шеңберінде өзара түсіністік туралы Меморандум, инвестицияларды кеңейту және өзара қорғау туралы шарт, сауда қатынастары туралы келісім, салықты екі еселендіруге жол бермеу туралы Конвенция жасасып, қол қойылды.

1992 жылы 30 қазанда АҚШ-та Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды, бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік берді.

Елшілік Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызмет жүйесіне кіреді және АҚШ-тағы Қазақстанның мүдделерін қорғайды.

Қазақстан мемлекет қайраткері Әлім Жаңбыршин (1992-1994) Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы бірінші Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. Әр жылдары бұл жоғары лауазымды Төлеутай Сүлейменов (1994-1996 жж), Болат Нұрғалиев (1996-2000 жж), Қанат Саудабаев (2000-2007 жж), Ерлан Ыдырысов (2007-2013 жж), Қайрат Омаров (2013-2017 жж) атқарды, ал 2017 жылдан бастап ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі – Ержан Қазыханов.

Екі ел арасындағы серіктестік қатынастарда қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше мән берілді. АҚШ Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту және ядролық қаруды таратпау туралы Келісімге қосылу туралы шешімін ерекше атап өтті. 1994 жылдың ақпанында Н.Ә.Назарбаев Вашингтонда Б.Клинтонмен кездесті, онда тараптар негізгі құжатқа - Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы демократиялық серіктестік туралы хартияға қол қойды.

Сол кезде Қазақстан Орталық Азиядағы ұлы державамен серіктестік орнатқан жалғыз мемлекет болды.

Қол қойылған құжат саясат, қорғаныс, экономика, экология, ғылым және техника сияқты салалардағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың дамуын анықтады. Сондай-ақ аталаған сапар барысында Елбасы келісім шарт депозитарийлерінің бірі ретінде АҚШ Президентіне ядролық қаруды таратпау туралы Келісімге қосылу туралы ратификациялық грамотаның көшірмесін тапсырды.

1999 жылы желтоқсанда Елбасының Америка Құрама Штаттарына кезекті ресми сапары өтті, оның аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасында консулдық мәселелер бойынша ынтымақтастық туралы және басқа да бірқатар құжаттарға қол қойылды. Осы сапарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев Сайлау жүйелерінің халықаралық қорының «Демократияны ілгерілетуге қосқан айрықша үлесі үшін» дипломымен марапаттады.

2006 жылы АҚШ Вице-президенті Р.Чейни Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) ресми сапармен келді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен АҚШ Энергетика министрлігі арасында ядролық материалдардың және басқа құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу саласындағы ынтымақтастық туралы Атқарушылық келісімге қол қойылды.

Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшыларының барлығы дерлік елге ресми сапарлармен келді (1991 жылы Дж.Бейкер, 1993 жылы У. Кристофер, 2000 жылы М. Олбрайт, 2001 жылы К. Пауэлл, 2005 жылы К.Райс, 2010 жылы Х. Клинтон, 2015 жылы Дж. Керри). Барлық кездесулер Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен өтті, онда халықаралық күн тәртібіндегі ғаламдық ауқымдағы мәселелер талқыланды.

Бүгінде Қазақстан-Америка ынтымақтастығы Елбасының АҚШ-қа ресми сапарының қорытындысы бойынша (2018 жылғы 15-18 қаңтар) айқындалады, бұл стратегиялық серіктестікті дамытуда маңызды кезең болды және Нұр-Сұлтан мен Вашингтон арасындағы ауқымды және көп өлшемді өзара іс-қимылдың одан әрі дамуына жаңа серпін берді.

Ақ үйдегі кездесудің қорытындысы бойынша екі мемлекет басшылары «Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары: ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік» бірлескен мәлімдемесін қабылдады.

Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы ең ірі шетелдік инвестор екенін атап өткен жөн, бұл біздің мемлекетке халықаралық қатынастардағы өз позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесінде мемлекеттер арасындағы екіжақты сауда айналымы 2019 жылдың 9 айында 1,65 миллиард долларды құрады (2018 жылдың 9 айында - 1,66 миллиард доллар).

29 жыл ішіндегі дипломатиялық қатынастар барысында барлық негізгі бағыттар бойынша стратегиялық ынтымақтастықтың нығаюына ықпал ететін берік заңнамалық база құрылды. Барлығы 70-тен астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, шарттық-құқықтық қатынастарды кеңейту бойынша жұмыс жалғасуда.

2018 жылғы 5 мамырда аэронавигациялық алымдар туралы келісім күшіне енді, соның ішінде АҚШ Конгресі бойынша АҚШ әуе күштерінің ұшақтарын пайдаланатын  ресми америкалық делегацияның Қазақстанға сапарларын жандандыруға мүмкіндік береді.

2019 жылдың 3 мамырында консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімге қол қойылды.

Елбасының қол жеткізген келісімдерін жүзеге асыру аясында 2019 жылдың 20 тамызында құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге (GSOIA) қол қойылды.

Сонымен қатар, 2020 жылдың 5 қаңтарында «ашық аспан» принципі бойынша (Open Sky Agreement) әуе хабарламалары Келісіміне де қол қойылды.