ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУІ ХАЛЫҚТЫҢ ҮМІТІ МЕН СЕНІМІН НЫҒАЙТА ТҮСПЕК

Ағымдағы жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні туралы жариялады.

Мемлекет басшысының пікірінше, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді оқытатын кадрлар мен орта мектептерге арналған оқулықтар дайындауға кірісу керек. Ал 2025 жылға қарай бүкіл Қазақстан латын әліпбиіне көшуі тиіс.

Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бірлігімізді нығайтып, рухымызды асқақтатынын айтты: «Қазір ТМД аумағындағы қазақтар кирилл әріптерін, Қытайдағы қандастарымыз төте жазуды, батыс елдеріндегі бауырлар латын әліпбиін қолдануда. Бәріміз сөйлескенде тіліміз бір болса да, оқығанда үш түрлі болып шығады. Ешбір кедергісіз түсінісетін бір қазақтың баласы бір-бірінің жазуын ұқпайтын күйге жетті. Бұл – жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен  алшақтатуда. Көп ұзамай бұл олқылықтар біржола жойылады».

Латын әліпбиіне көшу қажеттілін Президентіміз алғаш рет 2012 жылдың желтоқсанында, «Қазақстан-2050» Стратегиясында жария еткен. Бұл мәселе жұртшылықтың назарынан тыс қалғанымен, үкімет жаңа әліпбиге көшу жұмыстарын тоқтатқан емес. Елбасының тапсырмасына сәйкес, жаңа әліпби мен жазу таңбаларының бірыңғай үлгісі 2017 жылдың соңында қабылданбақ. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар мен сұхбаттар жарияланып, телевизиялық арналарда арнайы бағдарламалар жүріп жатыр. Бұл тақырыпқа қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының арасында да қызу пікірталас өтіп жатыр.

Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің аға ғылыми қызметкері Дина Тұрарова былай дейді:

– Бірер күн бұрын назарымызға жаңа қазақ әліпбиінің алғашқы ресми жобасы ұсынылған болатын. Меніңше, бұл – латын қаріпіне көшудегі біздің бірінші, зор қадамымыз. Әрине, белгілі бір сөздердің жазылуында көптеген сауалдардың тууы сөзсіз, бірақ алдымызда көпшіліктің назары мен талқылауына ұсынылған жаңа әліпбидің жобасы ғана тұр. Бұл нұсқа негізге алынғанымен, қайшылас пікір тудыратын әріптер әлі қарастырылады. Жаңа латын әліпбиі шетелдіктердің қазақ тілін қабылдауын жеңілдететіні анық. Тіл тірі ағза іспеттес болғандықтан, өзінің иілгіштігі мен икемділігінің арқасында алдағы уақытта белгілі бір қалыпқа келеді.

Халықаралық ғылыми жобалар қызметінің ғылыми қызметкері Махаббат Сембаева болса, жаңа әліпбидің астарында ынталандырушы күштің жатқанын айтады:

– Менің ойымша, әліпбидің жаңа үлгісі туған тілді үйренуге уәждейді. Бұл қазақ тілін жетік білмейтін жандардың қолдарына түскен керемет мүмкіндік. Мәселен, шетелде білім алып жүрген бауырларымның пернатақталарында қазақ әріптері жоқ, латын әліпбиін пайдалану арқылы олар енді тіл білімдерін шыңдай алады. Тіл білмейтіндер жаңа әліпбиді басынан үйренсе, тіл шеберлері үшін латын әліпбиін қолдану ешқандай қиындықты тудырмасы анық.

Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің аға ғылыми қызметкері Қазбек Майгелдинов әріптестерінің пікірін жалғастырып, келесіні айтады:

– Әліпбиіміздің латын қарпіне көшуі еліміздің халықаралық ақпарат жүйесіне қосылуымен тығыз байланысты. Бұл – маңызы зор саяси шешім. Қазіргі уақытта отандық ғалымдар латын әліпбиіне көшуде туатын негізгі екі мәселені шешіп жатыр. Оның бірі оқу қолайлығы үшін әріптер санын азайту болса, келесісі стандартты пернетақтадағы латын әріптерін қосымша қаріптерсіз-ақ пайдалану болып отыр. Әліпбиді дайындайтын мамандар жұмыс барысында барлық ұсыныстарды, пікірлер мен ескертпелерді жіпке тізуі абзал. Қазір біз әліпбидің керек-керек еместігін талқылап жатқан жоқпыз. Қазақстан қоғамы әліпбидің ақылға салынған, жарамды нұсқасын әзірлеп қана қоймай, дұрыс таңдауы да тиіс. Мұндай әліпби әлемдік кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігімізді арттыра отырып, тіл мен діл ерекшеліктерімізді сақтай білгені жөн, - дейді ол.

Жаңа әліпбиді дайындау жұмыстары әлі де жалғаспақ. Пікірталастар барысында түрлі нұсқалар туып жатқанына қарамастан, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіндегі алғашқы, күрделі қадамдардың жасалғанын сеніммен айта аламыз.