«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында қазақстандық белгілі суретші-график Ералы Оспанұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабының таныстырылымы өтті.

Мемлекетіміз Руханият саласын қолдауға айрықша басымдық ретінде қарайтыны белгілі. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған шаруалардың өзі ұшан-теңіз. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтетіні де тарих пен мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың ерекшелігін білдіреді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мынадай жолдар бар: «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан - бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады».

2

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков шараның маңызына былайша тоқталды: «Біздің мекемеміз Елбасы кітапханасы болғандықтан, руханиятты қолдау іс-шараларына ерекше мән береміз. Технологияның қарыштап дамыған, жаппай жаһандану заманында ұлттық нақыштағы шығармашылық өкілдері назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені олар біздің қаншама ғасырлық төл өркениетіміз, мәдениетіміз, дүниетанымымыз болғанын өзгелерге де, өзімізге де мұқият таныстырады. Келер ұрпақ осы еңбектер негізінде сабақтастығымызды сақтай алады. Бұл бағытта «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» сынды еңбектердің маңызы зор».

Аталған кітап туралы белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев былай деді: «Өнері қазақтың тереңде жатқан тарихы мен бай мәдени мұрасынан бастау алатын суретші әрі жазушы Ералы Оспанұлының шығармаларының басты қасиеті – өткенді бүгінгі тілмен сөйлете білуінде. Осы кітап – соның тағы бір айғағы. Автордың бұл шығармасының елге тигізер пайдасы тіпті өлшеусіз, әсіресе халқымыздың дәстүрлі мәдениетінен түрлі себептермен ажырап қалған қандастарымыз үшін таптырмас дүние».

Бұл – толықтырылып екінші рет басылып отырған кітап. Оған қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрыптарына қатысты 90 сурет енгізілді. Графикалық туындылардың әрқайсысына қысқаша сипаттамасы қоса берілген. Онда көрсетілген салт көшпелі халық үшін қаншалықты маңызды екені жазылады.

Тұсаукесер шарасына мемлекет қайраткерлері, дипломатиялық қызмет өкілдері, руханият қайраткерлері, меценаттар мен кәсіпкерлер қатысты. Көпшілікті автордың бұған дейін де жоғары бағаланып үлгерген ұлттық нақыштағы шығармалары айрықша қызықтырды.

«Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабының жарық көруіне ORDA INVEST инвестициялық-құрылыс корпорациясы қаржылай қолдау көрсеткен.

Компания құрылтайшыларының бірі Шалқарбек Тәліповтің айтуынша, «Қазақ мәдениетінің өзіндік бірегей философиясы бар. Ол әр адамға ұғынықты, сонымен қатар қоршаған ортаға, адамдарға деген сыйластық, биік сенім, жауапкершілік пен бірлікке үндейді. Мәдениеттер үнқатысуында Қазақстанның алатын орны ерекше. Қазақ мәдениетінің құндылықтарын әлемге таныту халқымыздың аса маңызды міндеттерінің бірі саналады. Біздің компания үшін мұндай жобаға қатысу – зор мақтаныш әрі абырой».

23

Ералы Оспанұлы 1960 жылы Шымкент қаласында туған.

Алдымен Шымкенттегі Өнер мектебін, кейін Ә.Қастеев атындағы өнер училищесін бітірген. Мамандығы – суретші-безендіруші.

Көне гравюралар мен фотосуреттер негізінде жасалған графикалық туындылардың авторы. Оның еңбектері Қазақстанмен қатар шет елдерде де мойындалған. Е.Оспанұлының графикалары «Сотбис», «Кристис» әлемдік аукцион үйлерінде бірнеше рет қойылған.

7