4 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақ гуманитарлық-заң университетімен бірлесіп, онлайн-кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға аталған оқу орнының ең үздік студенттері қатысты.
Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені әзірлеген «Путь к Елбасы» деректі фильмінен бастау алды.
Іс-шара барысында Елбасы кітапханасының директоры Ә.Рахымжанов Елбасы кітапханасының негізгі қызметі мен мақсаты жайлы баяндады.
«Маған студенттермен кездесіп, ой алмасқан ұнайды. Әрдайым ізденісте жүретін өздеріңдей жастар ертең ел тұтқасын ұстайтыны анық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының негізгі қызметі, ең алдымен, ел тарихын зерттеу мен тәуелсіз Қазақстанның жаңғыру жолын, тарихи шешімдер қабылдаудағы Елбасының рөлі мен Тұңғыш Президентіміз көтерген бастамаларды зерттеуге бағытталады», – дейді Елбасы кітапханасының директоры.
Студенттер кездесу аясында Елбасы кітапханасы музейіне онлайн экскурсия жасап, қызықты ақпараттармен қамтамасыз етілді.
ҚазГЗИУ ректоры Шырын Құрманбаева өз кезегінде: «Келісім мен бейбітшілікке ұмтылу – халқымыздың ежелден келе жатқан рухани мәдениетінің негізі. Елбасымыз бұл бағытта аянбай тер төкті. Ел болашағы үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саяси бастамалары мен ғаламдық идеяларын одан ары жалғастыруымыз керек».
Онлайн-кездесудің соңында студенттер дәрістің маңызды аспектілері туралы өз ойларын ортаға салып, тәуелсіздіктің басты жетістіктері – бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық барша ұлттың болашағы үшін маңызды құндылық болып қала беретініне сенім білдірді.

