ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 105 ЖЫЛ

Қайым (Ғабдұлқайым) Мұхамедханұлы – абайтануды ғылыми негіздеген ғалым, шәкәрімтанудың негізін қалаған жазушы, белгілі қоғам қайраткері, дарынды ақын, аудармашы, ұстаз. 1916 жылы 5 қаңтарда дүниеге келген әдебиет тарихшысының туған жері – қазіргі Алаш қаласы (Семей облысы).

Қайым Мұхамедханұлы бала кезінен біртуар қазақ азаматтарының тәрбиесін көріп өсті. Оған ғалымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы себепкер еді. Ол Алаш көсемдерінің басын жиі қосып, өз шаңырағын зиялылардың ат басын тірейтін үлкен үйіне, кеңес құратын ордасына айналдырды. Қазақ халық ауыз әдебиетінің мұрасын сіңірген ортадан жас Қайымның алар тәлім-тәрбиесі де мол болды. М.Сейітқұлұлының қаржыландыруы мен Ж.Аймауытұлы мен М.Әуездің редакциясымен «Абай» журналы, «Сары-Арқа» газеті, т.б. баспасөз құралдары жарық көрген. Ә.Бөкейхан Семейдің сол жағалауында өткен жиында «Заречная слободка» қаласының атауына қатысты мәселе көтерген кезде М.Сейітқұлұлы қолдау танытып, қалаға «Алаш» атауын қайтаруды нақтылы дәлелдермен қорғаған. Сонымен бірге Шәкәрімнің қамаудан босатылуына да себепкер болған М.Сейітқұлұлының өзі еді. Әулеттің шаңырағында болған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыр, Мұхтар Әуез сияқты т.б. азаматтар Қайым Мұхамедханұлына тән ұлтжандылықтың қалыптасуына түрткі болды.

Қызығы, Қайым Мұхамедханұлы – Қазақ ССР-і мемлекеттік гимні мәтінінің авторы (1945). Ол 1943 жылы конкурс жеңімпазы атанған жігіттің гимні «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» («Героический казахский народ издревле мечтал о свободе») деп басталады. О заманда мұндай жалын атқан сөзді тек нағыз патриот қана жаза алатын. Бұл мәтін белгілі композитор Мұқан Төлебайұлын музыка жазуға шабыттандырды. Бұл гимн бірнеше онжылдықтар бойы айтылғанын ұмытпаған жөн.  Алайда сол замандағы билік өз халқын ер, ержүрек деп айтуға жасқанатын, сол себепті «ер» сөзі «біз» сөзіне ауыстырылады. 1992 жылы Қайым тәуелсіз Қазақстанның әнұранын шығаруға арналған байқауға қатысып, мәтіні тағы жеңіске жетті.  Бірақ бұл жолы Қайым «авторлар ұжымын» қосатынына байланысты қатысудан бас тартады.

Қайым жастайынан зиялылардың берген тапсырмаларын  орындап, кітаптарды араб қарпімен, көркем жазумен көшіріп, түрлі тілдерге аударатын.  Алайда 1921, 1928, 1932 және 1937 жылдары әкесінің қуғын-сүргін мен тәркілеуге ұшырауына байланысты, үйдің тұңғышы ретінде жауапкершілікті сезініп, 15 жасында жұмысқа кірісуге мәжбүр болады. Ол кемежайда жүк тасушы, жұмысшы, кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызмет атқарды. Екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін әзірлеу курсынан кейін,  Семей пединститутына түсіп, 1941 жылы экстернмен аяқтайды.  17 жастан бастап ол Семей қаласының әртүрлі мекемелерінде сабақ бере бастады. Тәлімгер өмірінің 60 жылдан астамын жастарды  тәрбиелеу және білім беру ісіне арнады.

Әкесінің тұтқындалғаны анықталған соң Қайым Педагогикалық институттан қуылады. Көптеген қолжазбалар мен тарихи өлең-жырларды жинақтап,  халықтың мәдени мұрасын сақтап келген әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы 1937 жылдың 2 желтоқсанында түнде атылады. Жап-жас жігітті әкесінің досы Мұхтар Әуез қолдайды. Адамдарды жақсы танитын ол Қайымның бойынан ерекше дарынды, имандылық пен адалдықты байқайды. М.Әуез Абай туралы роман-эпопея жазуда Қайымның көмегіне жүгінеді. Дәл осы кезеңде Абай мұрасы, оның шәкірттері мен ізбасарларына жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Абай сөзі бұрмаланды, шығармалары  ғылыми  тұрғыда зерттелмеді. Қолжазбалары мен жеке заттары жоғалды, өмірінің куәгері болған қариялар азайды. М.Әуез қазақ мәдениетінің елеулі бөлігін сақтауға бағытталған бірқатар тапсырманы Қайымға сеніп тапсырады.

Қайым жүк көлігімен шалғай ауылдарға айлап сапар шекті. Абайды көзі көрген қариялармен,  өмірі мен шығармашылығынан хабардар адамдармен әңгімелесіп, тұрмыстық заттардың, киімдер мен кітаптардың, Абай қолжазбаларының шынайылығын нақтылады.  Осылайша 1940 жылы Қайым Мұхамедханұлы еліміздегі тұңғыш  мемлекеттік әдеби-мемориалды Абай мұражайының негізін қалайды.

Сондықтан да Семей өңірінің әдеби өлкетану мәселесіне, оның ішінде Абайдың ақындық мектебіне қатысты ғылыми ізденісте кейінгі ғалымдар буыны Қайым Мұхамедханұлының зерттеулеріне сүйенуді жөн санайды. Осы орайда ғалымның «Абай айналасындағы ақындар» (1950ж.) атты монографиясы, «Абайдың ақын шәкірттері» (1993-1997) деген ғылыми-зерттеулері қазақ әдебиеттану ғылымындағы іргелі туындылар ретінде белгілі. Абай мектебінің талантты өкілдері Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет және тағы басқа қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларының жиналып, баспаға дайындалуына және іргелі ғылыми-зерттеулердің нысанына айналуына Қайым Мұхамедханұлының тікелей ықпал еткені рас.

Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылған ірі-ірі ғылыми-зерттеулер мен абайтану саласындағы тың жаңалықтар да Қайым Мұхамедханұлы есімімен байланысты. 1995 жылы Абай шығармаларының екі томдық академиялық жинағы текстологиялық жағынан дұрысталған нұсқасымен шығуына да ғалым аға өз үлесін қосты. Осы жылы жарыққа шыққан «Абай» энциклопедиясының редакциялық алқасын басқарған Қайым Мұхамедханұлы бұл басылымның да мағыналы, мәнді болуы үшін көп тер төкті. Өмірінің соңына дейін Абай мектебі мен абайтану мәселесіне байланысты талмай еңбектенген ғалым үшін энциклопедияның әр мақаласы маңызды болды. Мақалалардағы мәселелердің тарихилығы мен нақтылығы, Абайдың ақындық мектебінен тәжірибе алған әр ақын мен жеке тұлғалардың шығармашылық өмір жолы туралы тың деректердің сарапталып, баспаға түсуіне аса мән берген ғалым еңбегі нақтылы бағасын алды.

Абайдың мерейтойы кезінде (1996 жылы) ғалымның ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, халықаралық Абай академиясының «Алтын медалі», Қазақстан жазушылары одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы беріліп, ҚР Мемлекет сыйлығының лауреаты атанды.

Оның тарихи шындықты бұрмаламай, деректерді дәйектермен берген мақалалары 400-ден астам. Ал, жалпы ғылыми еңбектерін есептесек 500-ден асады екен. Мысалы, «Халық ақыны Сапарғали Әлімбетов шығармашылығы жайында», «Мақы Шыңғысұлы Уәлиханов – алғашқы кәсіби қазақ суретшісі», «Қ.Еркебаев және С.Әлімбетов поэмаларындағы азамат соғысының батыр әйелдері Айқыз және Білісай бейнелері», «Тағы да Айқыз туралы», «І.Бораганский», «Қаракерей Қабанбай», «Бұқар жырау», «Шешен Сабыржан», «Сабыржан Ғаббасов» және тағы басқа мақалаларындағы тарихи тұлғалар ғалымның көркем шығармаларынан өз орнын алып жатты. Ал, «Абайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері», «Түзелгені қайсы? Түсініктері қайсы?», «Қазақ әдебиетінің адал досы» және т.б. мақалаларындағы әдеби-танымдық, тарихи ой-түйіндер көптеген ғалымдардың болашақ зерттеулерінің ғылыми діңгегіне айналды. Қазақ әдебиеттану ғылымы, абайтану, өлкелік әдебиеттану, қазақ әдебиетіндегі текстология мәселелерін Қ. Мұхамедханұлы еңбектерінсіз елестету мүмкін емес.

«Абайдың әдеби мектебі» диссертациясын қорғау – ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болды.  Диссертация қорғалды, бірақ М.Әуез бен Қ.Мұхамедханұлын айыптау тоқтамады. Қорғау кезінде басталған айыптаулар,  абайтану барысын талқылауда, сондай-ақ 1951 жыл бойы баспасөзде тапсырыс бойынша жазылған мақалалармен жалғасын тапты. Мұның соңы Қайымды Абай мұражайы директоры және оқытушы қызметінен босатумен аяқталды. Соңынан  Қ.Мұхамедханұлы 1951 ж. 1 желтоқсанда тұтқынға алынып, Семей және Алматы қ. түрмелеріне, Қарағанды лагеріне қамауға алынды. Шектен шыққан азаптаулар  – ыстық және суық камера, тырнақ астына ине жүгірту, басқа су тамызу, моральдық қысым және өлім жазасымен қорқыту Қайымның ерік-жігерін сындыра алмады.

Ғалымның шығармашылығы – өзара логикалық байланыстағы  және қалыптасудың күрделі жолының, күрес пен мәдениетті қорғаудың, ғылым мен  халық рухының  бір-біріне өзара тәуелді үрдісінің  тарихи ақиқаты.  Бұл – халықтың бірегей мәдени кеңістігі. Өз зерттеулерінде ол телегей білімі мен ғалымдық парасатын танытты. Академиялық басылымдардың беттерінде Қ.Мұхамедханұлы дайындаған түсініктемелерде де нақтылық пен ғылыми талдаудың жаңа қағидаларын көреміз. Бұл зерттеулер болашақ әдебиет теориясы мен әдебиет тарихын зерттеушілерге дайын зерттеу нысандары деуге болады.

Қайым Мұхамедханұлының есімі көптеген энциклопедияларға енді. Патриоттың ғалымның туған жерінде ескерткіш орнатылды (2010 ж.) , ал өзі өмір сүрген  және еліміз тарихының көрнекті қайраткерлері бас қосқан  үйге Мемориалдық тақта қойылды (2004 ж.). Бүгінде қайраткердің есімімен ірі мектептер мен қала көшелері аталған.

Ғалымның өмір жолына қатысты толық ақпаратты «Қайым туралы сөз» (2006) кітабынан алуға болады. Елбасы кітапханасында сақтаулы тұрған еңбекті Қайым Мұхамедханұлының 90 жылдығына орай өз әулеті жинақтап, шығарған.