Биыл қазақтың хас ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толып отыр. Ол 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалып, біраз жыл ағасының қолында өседі. Ес білген соң туған ауылында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. 1924 жылы Семей қаласындағы интернатта білімін жалғастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленіп, одан әрі үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Осында жүріп, 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып қайтады.
Қасымның арынды ақын ретінде қалыптасуына Орал қаласының тигізген әсері ұшан-теңіз. Осы өңірде жүріп ол ең алғашқы алаулаған махаббат туралы, жалынды жастық жайындағы жырларын дүниеге әкелді. 1935 жылы Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, оның жұмысын іскерлігінің, шығармашылық әлеуетінің арқасында дөңгелетіп әкетті. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Осы кездері ақынның әншілік, артистік қырлары кеңінен танылған болатын.
Ал 1936-1941 жылдары Қасым Аманжолов Алатау баурайындағы ару қала Алматыға барып, сол кездегі бас басылымдар болып саналған «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет атқарады. Осында жүріп, яғни 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағын «Өмір сыры» деген атпен жарыққа шығарады.
Ол өз шығармашылығымен ғана шектеліп қалмай, Махамбет, Абай поэзиясының көркемдік табиғатына терең бойлай отырып, дүниежүзілік поэзияның үздік, асыл үлгілерінен үлкен алымдылық, шалымдылықпен үйренді. Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті. 1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім қайтейін» сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Сондай-ақ, Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, «Құпия қыз», «Бикеш» секілді алғашқы поэмаларын жазады.
Қасым Аманжолов тек лирик емес, сонымен қатар ірі эпик ақын. «Дүние қандай жап-жарық», «Сақыпжамал», «Күйім тасып барады, күйім тасып», «Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім» атты өлеңдері Қасымның нәзік лирикасын танытса, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында» атты поэмалары оның эпиктігінің дәлелі.
Ақынның соғыс басталғаннан аяқталғанша қан майданда жүргенін барлығымыз білеміз. Басында Қиыр Шығыста тыныштық күзеткен қаламгер кейіннен батыстағы нағыз қан кешкен қырғынға аттандырылады. Қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде «Орал», «Сарыарқа», «Байкал», «Өтіп бара жатырмын» тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясының жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді. Ақын рухының бұл қуатты серпілісі майдан жырларына ұласып, мазмұн, тақырып, түр, көркемдік бейнелеу кұралдары, ой мен сезім тереңдігі жағынан жаңа сапа тауып, биік белеске көтеріледі. «Елге хат» (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім», «Подполковник Әлпинге», «Қапанға», «Сәбитке», «Ғалиға жауап», «Қызғалдақ», «Сен фашиссің, мен қазақпын», «Дариға, сол қыз» сияқты хрестоматиялық өлеңдері мен әйгілі «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – соның айғағы. Осы поэманы Ғ. Мүсірепов қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалады.
Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. «Достар», «Туған жер», «Құрбыма», «Сауыншы жеңгейдің жыры», «Домбыра», «Май келді», «Күйім тасып барады, күйім тасып», т.б. көркемдігі жоғары өлеңдерін ерекше атауға болады. Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Соның өзінде сол жылы он шақты өлең жазып, «Біздің дастан» поэмасын бастайды. М. Лерммонтовтың «Маскарад» драмасын, А.Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы «Дауыл» атты жинағы жарық көреді. Осы жылдары Пушкиннің «Полтава» поэмасын аударады. «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтарын шығарады. 1952 жылы «Таңдамалы шығармалары» жарық көреді. 1954 жылы бүгінде жұрттың көбі жатқа білетін әйгілі «Өзім туралы» толғауын аяқтайды.
Қасым Аманжолов өмірін 1955 жылдың қаңтарында шығармашылық күш-қуаты қайнаған шағында аяқтады. Шығармашылығын еске алып, шығармалары үш том болып жарық көрді.
Бүгінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Орал, Атырау қалаларындағы көшелерге Қасым Аманжоловтың есімі берілген. Қарқаралы ауданында ақын есімі кеңшарға берілген. Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде ақынның жеке қоры сақталған. Қарағандыда ескерткіш орнатылып, «Аманжолов журналы» шығарылды. Аманжол оқулары да жылда өтіп тұрады.
Қасым Аманжоловтың қызы ұзақ жылдар бойы Алматыда библиографиялық көрсеткіш жинап, «Қасым Аманжолов туралы естеліктер» кітабын шығарды. Жиналған картотеканы, «Өмір сыры» (1938) кітабын, ақынның қолжазбалары мен жеке заттарын ол Е.А. Букетов атындағы Қарағанды университетінің «Қасымтану» орталығы ғалымдарына табыстады. Орталық ғалымдары материалдар жинау үшін Алматы, Орал, Семей қалаларының архивтеріне экспедиция жасап, ақынның өлеңдері мен мақалалары жинақталған.
Елбасы кітапханасынан оқырмандар келесідей әдебиеттерді таба алады: Қ. Аманжолов «Дариға, сол қыз: Өлең-жырлар»; Қ. Аманжолов «Дауыл: Өлеңдер»; «Шығармалары» 3-томдық (Құраст.: Д.Қ. Аманжолова); «Екі томдық шығармалар жинағы: Өлеңдер мен поэмалар» (Құраст.: Д.Қ. Аманжолова); «Касым Аманжолов (1911-1955): Очерк о жизни и творчестве» (Джуанышбеков Н.); «Өлеңдер» (Құраст.: С. Дәуітов).