Ағымдағы жылдың 18 наурызында Елбасы кітапханасында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Түркология және алтайтану ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Қаржаубай Сартқожамен кездесу кеші өтті.

Кездесу кеші Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясындағы «Ұлы Дала дәстүрлері» айлығына (наурыз айы) арналып ұйымдастырылды. Тарихшы, түркітанушы-ғалыммен кездесу кешіне ҚазГЗУ гуманитарлық-заң колледжі және Астана қаласының медициналық колледжі студенттері келді.
Ғалым Қаржаубай Сартқожа студент жастарға көне түркі өркениеті, мәдениеті және тарихы туралы қызықты мәліметтер мен фактілерді келтіре отырып әңгімеледі. Көне түркі жазба ескерткіштері, олардың зерттелу тарихы туралы да мазмұнды әңгіме айтты. Кеш қонағы отандық және шетелдің түркітанушы ғалымдары, олардың іргелі ғылыми еңбектеріне де тоқталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін түркітану ғылымының дамуы даңғыл жолға түсті, дейді Қ.Сартқожаұлы.

«Қазіргі таңда 38 түркі халқы бар. Ал әлемде 300 миллион түркі жұрты бар. Қазақтар – көк түркілердің ұлы өркениетінің ұрпағы» деп есептейді Қаржаубай Сартқожаұлы. Бұған дәлел ретінде барлық түркі ұлыстары ішінде тек қазақ халқында ғана сақталған әдет-ғұрыптарды мысалға келтіруге болады, дейді.
Тарихшы-ғалым Қ.Сартқожа:
- Жастардың ана тілі, төл тарихы мен ұлттық мәдениетін танып-білуі өте маңызды. Тарихын білмеген халық – тамырсыз ағаш секілді. Тарихсыз даму да, өсіп-өркендеу де жоқ, - деген тұжырымда.

Кездесудің сұрақ-жауап бөлімі өте қызықты өрбіді. Жастар түркітанушы-ғалымға әртүрлі сұрақтар қойып, тұжырымды жауап алды. Кеш қонағы жастардың түркі жазуы, түркі халықтарының тарихы мен болашағы, қазақтардың арғы шығу тегі туралы сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара барысында Қаржаубай Сартқожаұлының ғылыми қызметі, тарихи және археологиялық көне мұраларды зерттеу және түркітану ғылымының даму кезеңдері туралы бейнебаяны көрсетілді.
Кештің мәртебелі қонағы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингіне қатысқан студент жастарға сертификаттар беру рәсіміне де қатысып, Елбасы кітапханасына өз кітаптарын сыйға тарту етті.
