ҚАРАҚАТ ӘБІЛДИНА: «ӘЙЕЛ БОЛЫП ЖАРАЛУ – ӘРІ СЫЙ, ӘРІ БАҚЫТ»

Бүгін  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған тағылымы мол «Сыйынар едім Ана деген тәңірге» кездесуі өтті.

Сырлы кездесуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, көп балалы ана Қарақат Әбілдина, үш жетім баланы асырап отырған мүмкіндігі шектеулі зейнеткер Ырыскүл Өтегенова, 12 баланы тәрбиелеген «Алтын алқа» белгісінің иегері Күлшара Үмбетова, Елбасы кітапханасында қызмет ететін көп балалы аналар қатысты.

Кездесуді ашқан Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков қоғамдағы әйелдердің алатын орны ерекше екендігіне тоқталды: «Шұғылалы және шуағын шашқан көктемнің жарқын мерекесінде адамзат тіршілігінің алтын арқауына айналған нәзік жандарға ыстық ілтипатымызды білдіріп, құрмет пен қошеметке бөлейміз. Бүгінде еліміздің әйелдер қауымы отбасының берекесін сақтаумен қатар еңселі Қазақстанның гүлденуіне де еселі үлес қосуда. Нәзік жандар өмірлік маңызды салаларда тынымсыз және абыройлы тер төгіп, мейірімділік пен сұлулықтың, қамқорлық пен жанашырлықтың нышанына айналып отыр.   Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық әйелдер қауымы еліміздің «ұлттық байлығы» екендігін ерекше атап өтті».

Мерекелік кездесу неке мен отбасы құндылықтарын, адамгершілікті, гендерлік теңдікті, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған.

Дара даусымен танылған әнші, көпбалалы ана Қарақат Әбілдина да өзінің сырларымен бөлісті.

– Осы зәулім ғимаратқа бұрын сыртынан ғана сүйсінуші едім. Енді Елбасы Кітапханасы ұйымдастырған шараға шақырылып, бүгінгі кездесуден ерекше әсерге бөленіп отырмын. «Сыйынар едім Ана деген тәңірге» демекші, ана деген ардақты атқа лайық болу – маңызы терең үлкен іс. Сабырлық пен түсіністік секілді өзге де игі қасиеттерді әрдайым қатар алып жүру кез келгеннің қолынан келе бермейтіні рас. Қазақ «Қыздың қырық шырағы бар» дейді. Әйел затының көпке қарағанда төзімдірек болуы да осы сөзді дәлелдей түседі. Сондықтан да әйел болып жаралу – әрі сый, әрі бақыт, - деген Қарақат Әбілдина сөзін өлең жолдарымен жалғады:

«Мен - әйелмін, әлемнің анасымын,

Үміт жеңген кей-кезде жан ашуын,

Күлкісі – күн, тәні – нұр, санасы – мұң, менмін.

Нәзікпін мен, сол үшін айыптымын,

Ғажап түске боядым ғайып түнін,

Не десең де бақытқа лайықтымын, сенгің»

Кездесуге қатысушылардың сауалдарына жауап берген Қарақат Әбілдина Астана мен Алматы қалаларындағы «Қарақат» мектеп-студиясы қазақ халқының ұлттық әндері мен аспаптарын дәріптеуді мақсат тұтатынын айтып өтті. Аталмыш студия оқушылары жетіген аспабында ән орындап, көрермендердің ілтипатына бөленді.

Алтын құрсақты ана, 12 баланы тәрбиелеген «Алтын алқа» белгісінің иегері Күлшара Үмбетова әрбір шаңырақтағы ананың рөлі жайлы әңгімеледі. Кейуана бақытты отбасының құпиясымен бөлісті.  «Әуелі ата-ана арасында ауызбіршілік пен сыйластықтың орнауы аса маңызды. Оның негізде парасатты, білімді және саналы балалар тәрбиеленеді. Мен ұлдарым мен қыздарымнан 30-дан астам немере, 10 шөбере сүйіп отырмын», - деп атап өтті аяулы ана.

– Тәрбие беруге деген ынтаны бойлары махаббатқа толы балалардың өзі сыйлайды. Немерелерім қандай да бір шараға киім таңдауда немесе технологиялар тақырыбына қатысты өз кеңестерін беріп, айтарлықтай жәрдемдесіп отырады. Ана мен бала өзара тығыз байланысқа қашан да мұқтаж. Бұл ретте отбасымызға әрдайым қолдау көрсететін Елбасы Кітапханасына алғысымды білдіремін, - деп Ырыскүл Өтегенова басын иді.

Кездесуге қатысушылар көкейдегі сауалдарын шақырылған қонақтарға жолдады. Бағдарлама аясында музыкалық нөмірлер ұсынылып, кездесуге қатысушыларға кітаптар мен естелік сыйлықтар тарту етілді.