Қарағанды облысына ғылыми-іздестіру экспедициясы жасалды

2016 жылдың 18 қаңтары мен 19 ақпаны аралығында Елбасы кітапханасының қызметкерлері ғылыми-іздестіру жұмыстарының кезекті кезеңін Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағатында жүргізді.

Аталған жұмыс нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметінің Қарағанды облысы және Теміртау қаласындағы кезеңдерін баяндайтын көпшілікке беймәлім материалдар зерделенді және іріктеліп алынды.  

IMG20160219092519

Экспедиция барысында барлығы 1025 іс қаралды, оның ішінен 5338 парақтан асатын 302 іс іріктелді. Осы құжаттардың көшірмелері жасалып, Елбасы кітапханасының мұрағатына сақтауға алынды. Ғылыми-іздестіру экспедициясы барысында Қарағанды өңірінде 1936 жылдан 1995 жылдар аралығында жұмыс істеген 23 ұйымның архив қорлары қаралды.

Кітапхана қызметкерлері Мемлекет басшысының қызметіне қатысты өткен ғасырдың 60-70 жылдары «Темиртауский рабочий», «Социалистическая Караганда», «Индустриальная Караганда» және «Комсомолец Караганды» газеттерінде басылған мақалалар көшірмелерін (135 беттен тұратын) де жинақтап әкелген.

Кітапхана қоры Елбасының өмір жолымен байланысты Қарағанды металлургия зауытының мұрағат қорындағы сирек құжаттармен де толықты. «Зауытта жас мамандар еңбегін пайдалану туралы анықтамалар. Жас мамандар жиналысының 29.01.1963 күнгі хаттамасы», «Қарағанды металлургиялық зауытында жұмыс істейтін қазақ жастарының тізімі» және басқа да құжаттарда Елбасының жас маман шағындағы еңбек жолы туралы деректер бар.  

IMG20160219085549

 Экспедиция кезінде табылған құжаттар арасында өте құнды және бірегей материалдар бар. Бұл құжаттар – Н.Ә. Назарбаевтың 60-70 жылдардағы қолжазбаларының түпнұсқалары.       

Сондай-ақ, аталған экспедиция жұмысына Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «тарих» және «археология» мамандығының практикадан өтуші 3-курс студенттері қатысты.

Елбасы кітапханасының ғылыми-іздестіру жұмысы еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.

IMG-20160219-WA0000