ИРАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА: «ОСЫНДАЙ ОРТАЛЫҚ ҚҰРУ – ТАРИХТЫҢ БІРЕГЕЙ ПАРАҒЫ»

Тарихтың бірегей парағы. Бүгін Елбасы кітапханасына Иран Ислам Республикасының Ұлттық қарулы күштері университетінің делегациясын Қазақстандағы Иран елшілігінің өкілдері, Ұлттық қорғаныс университетінің қызметкерлері бастап келді.

1992 жылдың қаңтарында Қазақстан мен Иран арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 25 жылдың ішінде жүзден аса маңызды келісімдер жасалды. Мемлекет пен үкімет басшыларының арасында саяси байланыстар орнады. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы саяси еркіндік пен достықты дамытудағы ниеттестікті, тату көршілік қатынастарды бірнеше рет дәлелдеді.

Делегация басшысы – Иран қарулы күштері ұлттық қорғаныс және стратегиялық зерттеулер жоғары университетінің проректоры, доктор Мохаммад Мехдинеджад Нури екіжақты кездесулер мен сапарлардың маңыздылығын атап өтті:

– Біздің делегация білім мен ғылым саласында жаңа байланыстар орнатуға келді. Қазақстандық әріптестермен келіссөздер мен кездесулер барысында осы мәселеге басты назар аударылды. Каспий теңізі арқылы көрші болып, біздің елдер сауда-экономикалық салада өзара пайдалы іскерлік байланыстар орната білді. Қазір стратегиялық зерттеулер саласында ынтымақтастығымызды бастамақшымыз. Астанадағы сапарымыз аяқталған соң қазақстандық делегация келісімдерге қол қойып, ынтымақтастығымызды нығайтуға Иранға келеді. Елбасы кітапханасы өте қызықты әрі танымдық материалдарға толы. Қазақстан тәуелсіздігі құрылуының маңызды құжаттары жинақталған осындай орталық құрудың өзі тарихтың бірегей парағын ашу екені сөзсіз. Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамалары, мемлекет құрудың қазақстандық тәжірибесі біз үшін үлгі болып табылады. Маған Елбасы кітапханасының экспозициядағы жәдігерлері мен мұрағат құжаттарының үлкен кешенін ұсыну әдісі қатты ұнады. Өте қызықты! Барлық қазақстандықтар мен Елбасы кітапханасы қызметкерлерін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бейбітшілік пен өркендеу тілеймін!