Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратына Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Юсуф Абдулғани келді.
Экскурсия барысында елшіге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен саяси қызметі арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері таныстырылды. Сондай-ақ, заманауи экспозициялық көріністер, жәдігерлер мен мұрағат құжаттары кешенінің көмегімен Елбасы өмірбаянындағы тың деректер назарға ұсынылды.
Мәртебелі мейман экспозицияның әр деталіне аса мән беріп, сұрақтарын жаудыртты. Бұған дейін ол мұншалықты деңгейдегі мұражайға аяғы тимегендігін жасырмады. Айта кету керек, «Елбасыға бастар жол» атты бейнесаяхат Юсуф Абдулғани мырзаға ерекше әсер қалдырды.
«Ең алдымен, тәуелсіз қазақ елінің тарихынан сыр шертетін бірегей орталыққа шақырғандарыңыз үшін разылығымды білдіремін. Әлемдік қауымдастықта бақ-беделі артқан, сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен жақынырақ таныса отырып, тамыры тереңге жайылған Қазақстанның тарихын білісуге мүмкіндік туды. Озық технологияның тегіс мүмкіндігін тиімді қолдана білген мына музей мені ерекше толғандырғанын жасыра алмаймын. Мүмкіндік туса, барша Иорданиядан келген отандастарымызды Елбасы кітапханасының музейіне әкелмек ойымыз бар. Мұражайдағы тарихи жәдігерлер кімді де болсын өзіне баурамай қоймайды», – деді ол.
Толыққанды экскурсиядан кейін Иордания Хашимит Корольдігінің елшісі Елбасы кітапханасының директоры Темірболат Бақытжанмен кездесті. Мекеме басшысы арнайы келген қонаққа алғысын білдіріп, екі ел арасындағы тарихи-мәдени, саяси келісімнің тарихи рөліне тоқталды. Юсуф Абдулғани мырза өз кезегінде ынтымақтастықтың келешегін, оның ішінде Елбасы кітапханасымен байланыстың маңыздылығын атап өтті.
«Н.Ә.Назарбаевтың әлеуметтік маңызы жоғары бастамаларын негізге алып, Елбасы кітапханасы жан-жақты дамыған қоғам қалыптастыру жолында қисапсыз еңбек етіп келеді. Сіздерге тек амандық тілеймін. Иордания Хашимит Корольдігі қазақ елінің әрбір жетістігіне қуана отырып, екі ел арасындағы байланысты аса құрметтейді», – деп сөзін қайырды ол.



