ИНТЕРАКТИВ САБАҚТАРЫ. «СӨЗ ҚҰДІРЕТІ»

Таяуда біз білім саласындағы IT-шешімдерді қолданатын Елбасы кітапханасының ақпараттық технологияларын, оның ішінде интерактивті үстелдерін алты аймаққа бөліп қарастырған болатынбыз.

Елдегі білім сапасын арттыру мақсатында Елбасы кітапханасы құрылған сәтінен бастап интерактивті білім беру орталығының кірпішін қалаған еді. Естеріңізге салсақ, ол орталықтың жұмысы «Қазақстан патриоты», «Сөз құдіреті», «Еуразия жүрегінде», «Өзгерістер қуаты», «Бастама және әріптестік», «Бейбітшілік және келісім» тақырыптарын қамтитын интерактивті үстелдердің негізіне алынған. Педагогтер қауымымен қатар білім алушы жастар үшін де жаңартылған тарихты зерделеудің таптырмас көмекшісіне айналған Білім берудің әлемдік жүйесі мен тәрбие саласының заманауи талаптарына сай мультимедиялық мүмкіндіктер оқытудың жаңа әдістерін насихаттайды.

Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ақбота Хамитова алдыңғы шығарылымда «Қазақстан патриоты» интерактивті үстелінің мазмұнын түсіндірсе, бұл ретте ол «Сөз құдіреті» интерактивті үстелінің этимологиясына тоқталады:

– Ұлы дала сөздің құдіретін жоғары бағалайды. Көркем сөйлеп, сөзіне ұйыта алғанды ол сый-құрметіне бөлейді. Қазақ тілін зерттеген ресейлік зерттеуші В.Радлов: «... сұлтан да, қарапайым қара да құдды бір князь тәрізді әдемі, жатық, мәнерлі дауыспен, байтақ тілмен сөйлейді», – деп атап көрсеткен. Жер аударған поляк, белгілі Б.Залесский: «Қазақтар тілмәр келеді. Бұл қасиетті олар жақсы тәрбие мен тектіліктің белгісі деп санайды» десе, келесі бір революцияға дейінгі зерттеуші Н.Г. Малицкий де далалықтардың шешендігіне қайран қалып: «Қазақтар сөзге шешен, тапқыр ойлы және ақ жарқын», - деп атап көрсеткен. Уәдеге берік қазақтардың арасында «Айтылған сөз – атылған оқ» деген мәтел қалыптасып қалғаны көпке мәлім. Қытайлық, ресейлік және еуропалық саяхатшылардың көпшілігі жергілікті халықтың тіл мен сөзге қатысты қасиеттерін дерек бетіне түсіргені де хақ, - дейді Ақбота Камойқызы.

«Сөз құдіреті» интерактивті үстелі Тұңғыш Президенттің қаламынан туған кітаптарға арналған. Оның көмегімен Елбасының саяси, ғылыми, публицистикалық еңбектерімен танысуға болады. Жанрлары әртүрлі басылымдардың арасында алғашқы төлтуындалырдың бірі «Қазақстанның құрыш кескіні» де бар. 1985 жылы жарыққа шыққан кітапта түрлі ұлт өкілдері тер төккен Қазақстан магниткасының қалыптасу және нығаю жолы баяндалады.

Интерактивті үстелдердің контенті 326 беттік материал мәтіндерін, 250-ден астам музей құжаттарын, 400-ден астам фотоқұжаттарды, 150-ге жуық бейнеқұжаттарды (деректі, көркем фильмдер, бейнематериалдар), тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы 1000 беттен асатын қос тілді хрестоматиялық жинақты құрайды.