Білім саласындағы IT-шешімдер оқу үдерісін күшейтіп, пәндердің мазмұнын, оқытушының кәсіптік шеберлігін тереңдетуді көздеп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға, олардың көмегімен шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталады. Мұндай технологиялар тың ақпараттың қонымдылығы мен қызықтырушылығын арттыру тұрғысынан үйретер ұстазға да, үйренер оқушыға да тиімді екені рас. Білім сапасын арттыру мақсатында Елбасы кітапханасы құрылған сәтінен бастап интерактивті білім беру орталығының негізін қалады.
Әлемдік білім беру жүйесі мен тәрбие саласының заманауи талаптарына сай кешен ақпараттық технологиялардың мультимедиялық мүмкіндіктерін қолдана отырып, оқытудың жаңа әдістерін насихаттайды. Білім беру орталығының жұмысы 6 аймаққа бөлінеді. «Қазақстан патриоты», «Сөз құдіреті», «Еуразия жүрегінде», «Өзгерістер қуаты», «Бастама және әріптестік», «Бейбітшілік және келісім» тақырыптарын қамтитын интерактивті үстелдер – педагогтер қауымымен қатар білім алушы жастар үшін де тарихты терең ұғынудың таптырмас көмекшісі.
Интерактивті үстелдердің контентін 326 беттік материал мәтіндерін, 250-ден астам музей құжаттарын, 400-ден астам фотоқұжаттарды, 150-ге жуық бейнеқұжаттарды (деректі, көркем фильмдер, бейнематериалдар), тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы 1000 беттен асатын қос тілді хрестоматиялық жинақты құрайды.
Еліміздің өткені мен ертеңіне «саяхат» жасайтын интерактивтің алғашқы бөлігі «Қазақстан патриоты» тақырыбын арқау еткен үстелге тиесілі. Интерактивті білім беру орталығы құрылуының куәгері болған Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ақбота Хамитова ол жөнінде былай дейді:
– Алдыңғы буынның орнын кейінгі ұрпақтың басатыны хақ. Ертеңгі елдің тізгіні де дәл сол сияқты жастардың қолына табыс етілетіні орынды. Бірінші интерактивтік үстелге «Қазақстан патриоты» деген тақырыпты беруіміздің себебі де осыда. Кіші буынға «патриоттықты» түсіндіру арқылы тақырыптың мазмұны қонымды, әрі қызықты бола түспек. Бұл ұғым олардың санасына дұрыс сіңбесе, қалған тақырыптарды түсінуі де екіталай. Интерактивті үстелдер архив құжаттары мен фотосуреттердің негізінде ғана емес, 6 деректі фильм желісімен де паш етіледі. Деректі фильмдерде тәуелсіздігін жер-жаһан мойындаған Қазақстанның қалыптасу тарихы мен даму қарқыны, әлем елдерімен ықпалдастығы, ұсынған жасампаз идеялары мен бастамалары баяндалады. Тыңдаушылардың назарына көпке дейін белгісіз саналған деректер, тың материалдар ұсынылады, - деп түсіндірді Ақбота Камойқызы.
«Қазақстан патриоты» интерактивтік үстелі жалпыұлттық құндылықтарды, қазақстандық бірегейлікті ұштастырудың, өскелең ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудың тиімді механизмі. Ол – тұлғалық және азаматтық дамудың ынталандырушы күші. Қалыптастырылған оқу-әдістемелік кешен жастардың арасында мәмілегер, бітістіруші, модератор, медиатор құзыреттілігіне ие, сыни, стратегиялық, форсайттық (болжау) тұрғыда ойлау қабілеті бар саяси сауатты көшбасшыларды дайындауға мүмкіндік береді.




