ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫС ТҮРЛЕРІ ТУРАЛЫ СЕМИНАР

11 қарашада Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы іс-шаралар топтамасы аясында «Ғылыми-білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлері» көшпелі семинары Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жалғасын тапты. Семинарға жоғарғы оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Семинар шеңберінде Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру қызметінде қолданылатын инновациялық жұмыс түрлері таныстырылды.

Шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова ашып, Елбасы
Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру мен нығайтудағы тарихи рөлі, ел егемендігін баянды етудегі ерен еңбегі, іргелі бастамалары туралы баяндады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бүгінгі семинардың маңызы ерекше екенін атап өтті.

Семинардың алғашқы бөлімінде Елбасы кітапханасы Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ләйла Омарова «Елбасытану» элективті курсының басты бағыттарымен таныстырды. «Елбасытану» элективті курсы Елбасы кітапханасы Музейі қызметкерлерінің Мемлекет басшысының туған жеріне жасаған ғылыми-іздестіру жұмыстарының барысында қолға алынды. Президенттің мектеп жасындағы және балалық шағы туралы құнды материалдар, бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлім мұрағат және кітап қорынан табылған мәліметтер семинарға қатысушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.

Семинардың қолданбалы бөлімінде Елбасы кітапханасы Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова жастар бойына лидерлік қасиеттерді дамытуға бағытталған «Лидерлік қасиетті дамыту» элективті курсының шеңберінде тренинг сабағын өткізді. «Лидерлік» ұғымының мәнін ашып, лидердің жан-жақты тұлға екенін түсіндірді. Тренинг барысында тыңдаушылар лидерлікті қалыптастыру мен дамытудағы отбасы, қоршаған орта, мектеп, табиғат, этнопедагогиканың рөлін талқылады. Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мысалында өскелең ұрпақтың бойына лидерлік қасиеттерді сіңіру жұмыстарының мол тәжірибесі жинақталған. Дәріскер лидердің қалыптасуына ықпал ететін отбасы, ата-ана, ұстаздар, мектеп, табиғи орта сынды факторлардың маңыздылығын атап өтті.

Семинар соңында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері мен магистранттарына сертификаттар және «Біздің Президент» кітабы табыс етілді.

Қатысушылар осы сынды ғылыми-білім беру семинарларын өткізудің өзектілігін атап өтіп, ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жаудырып, алдағы уақыттарда әріптестік қатынас орнатуға ниет білдірді.