ИНГУШЕТИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ М.БАРАХОЕВА ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА КЕЛДІ

Бүгін Елбасы кітапханасына Ингушетия Республикасының Сыртқы байланыстар, ұлттық саясат, баспасөз және ақпарат министрлігінің бөлім басшысы, Ресей композиторлар одағының мүшесі, ән жазушы, Ресей халықтары ассамблеясы және Еуразия халықтары ассамблеясы кеңесінің мүшесі, «Ингушетия халықтарының ассамблеясы» аймақтық қоғамдық ұйымының төрайымы, Ингушетия Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мадина Барахоева келді. Қонақты Нұр-Сұлтандағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының жетекшісі Башир Солсонов алып жүрді.

      

Меймандарды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат қарсы алып, мекеменің қызметімен таныстырды. Ол «Мың алғыс саған, Ұлы далам!» халықаралық дөңгелек үстелін ұйымдастыруда атсалысқан М.Барахоеваға алғыс білдірді. Алғыс айту күніне арналған аталмыш шара Елбасы кітапханасында 2021 жылдың 1 наурызында өткен болатын. Б.Темірболат Ингушетия Республикасының тұңғыш президенті Руслан Аушевтің дөңгелек үстел қатысушылары мен барша қазақстандықтарға жолдаған құттықтау хатын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде М.Барахоева халықаралық ауқымдағы шараны ұйымдастырған Елбасы кітапханасының ұжымы мен мекеме директоры Б.Темірболатқа ризашылығын білдіріп, қазақстандықтардың мейірімі мен бауырмалдығын атап өтті. Қонақ сонымен қатар Қазақстан Республикасында тұратын шешен-ингуш диаспорасына көрсетіліп жатқан қолдауды ескеріп, айрықша алғысын білдірді. Ризашылығының белгісі ретінде М.Барахоева Елбасы кітапханасына өзінің ән жинағын сыйға тартты.

Келушілер Елбасы кітапханасы музейінің залдарын аралады.