Бүгін Елбасы кітапханасында магистранттар мен докторанттар арасында өткен «Қазақстан жаһандық әлемде: ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолдары» ғылыми мақалалардың және оқушылар арасында жарияланған «Тәуелсіз Қазақстан және Елбасы» ғылыми-зерттеу жобаларының республикалық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылған ғылыми сайыстарды өткізуді Елбасы кітапханасы «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары Әнуар Жанғозин, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов, т.б. қатысты.
Марапаттау рәсімін Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашты: «Байқауға қатысқан жұмыстардың қатарында тәжірибе тұрғысынан мемлекеттік органдардың қызығушылығын тудыратын тың зерттеулер бар. Сондықтан магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарын Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қарастыруына жіберуді жоспарлап отырмыз».
Ғылыми байқаулардың мақсаты – қазақстандық ғылыми ойдың негізін қалыптастыру мен дамыту, оқушылардың ғылыми-зерттеу, оқу-танымдық қызметін ынталандыру, талантты да дарынды жас зерттеушілерді анықтау әрі қолдау.
Биыл «Қазақстан жаһандық әлемде: ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолдары» ашық республикалық ғылыми мақалалар конкурсына қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының 50-ден астам магистранттары мен докторанттары қатысты.
«Қазақстан тәуелсіздігімен құрдас болған соң, жас мемлекетімізбен бірге өсіп, қатар дамып келемін. Аталмыш байқау жас ғалымдарға зор қолдау береді. Ал біз жастар, өз кезегімізде еліміздің гүлденуі мен бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуі үшін бар күшімізді салмақпыз», - деді «Астана» халықаралық университетінің докторанты Ыбыраева Назгүл.
«Тәуелсіз Қазақстан және Елбасы» ғылыми-зерттеу жобалары байқауына 7-11 сынып оқушыларынан 570 жұмыс келіп түсті.
«Бүгінгі байқаудан тек жағымды әсер алдым. Қазылар алқасының еңбегімді жоғары бағалағанына өте қуаныштымын. Табиғи ресурстарға бай, тәуелсіз, әсем елімізді шын жүректен мақтан тұтамын», - деді Талдысай ауылы орта мектебінің оқушысы Мурыгина Роза.
I, II, III дәрежелі диплом иегерлері, сондай-ақ ғылыми жобалар конкурсының гран-при иегері анықталды.
«Қазақстан жаһандық әлемде: ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолдары» байқауы:
І дәрежелі диплом – «Астана» халықаралық университетінің докторанты Ыбраева Назгүл (Нұр-Сұлтан қаласы);
ІІ дәрежелі диплом – University of Warwick магистранты Рүстемов Шыңғыс (Ұлыбритания);
ІІІ дәрежелі диплом – ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистранты Дубекова Алина (Қосшы қаласы).
«Тәуелсіз Қазақстан және Елбасы» байқауы:
І дәрежелі диплом – Ы. Алтынсарин атындағы гимназияның оқушысы Дүйсеков Даниил (Арқалық қаласы);
ІІ дәрежелі диплом – Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Біржанқызы Томирис (Орал қаласы), Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейдің оқушысы Жорабек Еркебулан (Алматы қаласы);
ІІІ дәрежелі диплом – Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Есілжан Жібек (Нұр-Сұлтан қаласы), Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Айбазар Ырыскүл (Луговой ауылы), Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Мейрам Расул (Көкшетау қаласы).
Ғылыми жобалар байқауының гран-приін Талдысай ауылы орта мектебінің оқушысы Мурыгина Роза (Талдысай ауылы) иеленді.
Байқау жеңімпаздары естелік сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды