Бүгін Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжановтың төрағалығымен Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде негізгі жұмысты ұйымдастыруға байланысты 6 мәселе пысықталды.
Алғаш боп Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Назира Мусина «Қазақстан Республикасындағы президенттік институт» ғылыми жинағын басылымға ұсынды. Еліміздегі президенттік институттың 30 жылдығына орайластырылған бұл жинақ «Көшбасшы феномені және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси мұрасы» атты мекеме жобасының аясында құрастырылған. Президенттік институттың құрылу кезеңінен, қалыптасу алғышарттары мен ерекшеліктерінен сыр шертетін оның мазмұны Елбасы жеке архивінің құжаттары мен музей жинағының материалдарын қамтитын болады.
Елбасы кітапханасы музей жинағының топтамалары тағы бір жинақтың ұсынылуына мұрындық болды. Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева Қазақстан халқы ассамблеясының мерейтойына арналған басылым мәселесін ортаға салды. «Қазақстан халқы ассамблеясына 25 жыл» ғылыми-қор жинағы музей құндылықтарын қалың жұртқа паш етеді. Ұлттар ассамблеясының қалыптасу мен даму тарихы көрініс тапқан бұл еңбектің негізін музей топтамаларының жәдігерлері, сан алуан сурет пен мазмұнды ақпарат қалайды.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова 2019-2020 оқу жылдарындағы музей сабақтарының материалдарын басылымға ұсынды. Педагогтар арасында жарияланған «Туған жер – тұнған тарих» қалалық конкурсы жұмыстарының жинағына 100-ден астам өтінім түскен. Үздік жұмыстардың қатарына іріктелген 16 материал білім беру саласының көмекші құралы ретінде мектеп ішінде және мектептен тыс қолданысқа жарайды.
Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің басшысы Күнсұлу Исинова «Ұлы даланың жеті қыры: жаһанданған әлем және ұлттық-мәдени түп тамырымыз» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарын басылымға дайындау мәселелерімен бөлісті. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетімен бірлесе ұйымдастырылған іс-шараның мақалалары мен баяндамалары ғылыми қызметкерлерге, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, орталық және жергілікті басқару органдарының өкілдеріне жол тартады.
Отырыс барысында Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің ғылыми жобаларын жүзеге асыру есебі келтірілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Ғылыми кеңесінің құрметті төрағасы және құрметті мүшесі атағын берудің ережелері таныстырылды. Олардың негіздері мен тәртібіне Инновация және зерттеу жобалары қызметінің басшысы Ерлан Арын тоқталды. Бұл атақ Елбасы кітапханасының беделін нығайтуға зор үлес қосқан тұлғалардың ерен еңбектері үшін берілмек. Оған еліміздің жетекші ғалымдары, ғылым мен білімнің саласының абыройлы азаматтары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалыптастыруға зор үлес қосқан жандар ұсынылды. Атап айтқанда, олардың қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Махмұд Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, саяси ғылымдардың докторы, профессор Қуаныш Сұлтанұлы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры атқарушы директорының орынбасары, заң ғылымдардың докторы, профессор Игорь Рогов, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдардың докторы, профессор Ғарифолла Есім, Қазақстан Республикасының тұңғыш сыртқы істер министрі, төтенше және өкілетті елшісі, дипломат Төлеутай Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов бар.
Ғылыми кеңестің қаулысына сәйкес, Елбасы кітапханасының ғылыми бағытындағы жұмыстары ескеріліп, жоғары ұсынылған жинақтар басылымға жіберілді. Ғылыми кеңестің құрметті төрағасы және құрметті мүшесі атағын берудің ережелері мен ұсынылған азаматтар тізімі бір ауыздан қолдау тауып, бекітілді.


