ГҮЛБАРАМ АСҚАРОВАНЫҢ «ОЙЛАР ЖИНАҒЫ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Елбасы кітапханасының көркем галереясы көпұлтты Қазақстан мәдениетінің негізін қалыптастыратын бірегей авторлардың шығармашылығын көрсетуді жалғастырады.

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасының музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Гүлбарам Асқарованың «Ойлар жинағы» көрмесі ашылды.

Бұл көрменің ерекшелігі - балалар ортасында жұмыс істейтін суретші-педагогтың шығармашылығында. Өз тәрбиеленушілерінің шығармашылығын жасай және сезіне білу - кез келген елдің мәдениетіндегі дәстүрлер мен жаңашылдықтардың сабақтастығының үздіксіз желісін қалыптастыруға мүмкіндік беретін сирек кездесетін сый.

Елбасы кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева қонақтар мен авторды көрменің ашылуымен  құттықтап, іс-шараның Елбасы кітапханасының «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Көрменің ашылуы ел өміріндегі айтулы оқиғалар – Тұңғыш Президент күніне, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылды. Гүлбарамның туындылары ерекше. Суретшінің  бойындағы дарынын, жас өрендердің шығармашылығына деген өзіндік көзқарасын, олардың дүниетанымын сезіне білетін қасиетін сирек кездесетін табиғаттың сыйы деп бағалауға болады, - деп атап өткен  К.Ақтаева Гүлбарам Асқароваға Елбасы кітапханасының басшылығы атынан алғыс хат пен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын табыс етті.

Көрмеде суретшінің «Коллаж» техникасында орындалған 40-қа жуық жұмысы ұсынылды. Коллаж (француз тілінен «жабыстыру) - бұл сәндік-қолданбалы өнердің бір түрі, онда суретші материалдардың гетерогенді бөліктерін негізге желімдеу арқылы арт-нысанды жасайды. Коллаж қызықты, өйткені ол фрагменттермен, тұтас элементтермен жұмыс істейді, олар көбінесе калейдоскоп сияқты еріксіз үйлесімде үлкен суретке түсіп, жаңа мағына, жаңа визуалды құрылымдар қалыптастырады.

«Бұл – менің алғашқы маңызды көрмем. Елбасы кітапханасына, көркемсурет мектебінің әкімшілігіне, мені әрдайым қолдаған мұғалімдерге алғысымды білдіремін. Бүгін сіздер көретін нәрсе – классика емес, бұл –  «ойлар жинағын» көруге жетелейтін дүниелер. Кейбіреулер суреттер арасынан өздерін көруі де мүмкін», - деп  ой бөлісті суретші Г. Асқарова.

Нұр-Сұлтан қ. Балалар көркемсурет мектебі-ЮНЕСКО клубының бейнелеуөнерінің оқытушысы Асқарова Гүлбарам 1978 жылы Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында дүниеге келген. 2010 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. Республикалық және халықаралық бейнелеу өнері конкурстарының бірнеше мәрте қатысушысы және жүлдегері.

2017 жылы Гүлбарам бейнелеу өнері мұғалімдері арасында өткен облыстық байқауында «Графика» номинациясы бойынша суретші 1-орын иеленді. 2018 жылы Республикалық «Педагог шеберханасы» педагогтар арасындағы байқауда 1-орын алды.

2021 жылы «Lossi 36» халықаралық интернет-журналында Гүлбарамның «Contemporary women artists making magic in Central Asia» («Орталық Азия елдеріндегі қазіргі заманғы суретші әйелдер шығармашылығының сиқырлығы») мақаласы жарияланды.

«Ойлар жинағы» көрмесінің мекенжайы – Нұр-Сұлтан қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11. Ол 2021 жылғы 2 желтоқсанға дейін жалғасады. Көрме материалдарымен https://elbasylibrary.gov.kz сайтындағы «Көрмелер» бөлімінде танысуға болады.