2014 жылы 6-шы мамырда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлирза оглы Әлиевті еске алуға арналған «Гейдар Әлиев. Тұлға және заман» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейі Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.
«Гейдар Әлиев. Тұлға және заман» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері мен ғылым қайраткерлері қатысты.
«Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысының есімімен мемлекеттің тәуелсіздігі, егемендігі мен тұтастығының қамтамасыз етілуі тығыз байланысты және ол есім Әзірбайжанның және посткеңестік кеңістіктің жаңа тарихына алтын әріптермен жазылуға тиіс», – деп атап көрсетті конференция модераторы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Алма Сағынғали.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Г.Ә. Әлиевті үлкен жеке достық байланыстырды. Біздің республикаларымыздың дипломатиялық қатынастарының тарихы 20 жылдан астам уақытты қамтиды. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қазіргі қарым-қатынас деңгейі екі көшбасшының бірлескен қызметінің нәтижесі болып табылады.
Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Закир Ариф оглы Гашимов өз сөзінде Әзірбайжан Республикасының қалыптасуы мен нығаюындағы Гейдар Әлиевтің рөлі туралы айтты. «Халқының көрнекті қоғамдық-саяси, мемлекеттік қайраткері және көшбасшысы бола тұрып, өмір сүрген кезеңінің өзінде ол тірі аңызға айналды», – деді З.А. Гашимов.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Нұр Отан» партиясының жанындағы әлеуметтік бастамаларды сараптау және болжау орталығының директоры, «Азаматтық әлем»-«Civic Peace» Халықаралық коалициясының президенті
Қ.М. Қазкенов өз сөзінде Гейдар Әлиев тағдырының тарихи-философиялық тұрғыдан зерделенуі туралы, оның әзірбайжан халқының ғана емес, түрік әлемі мен әлемдік қоғамдастықтағы рөлі туралы баяндады.
Игілікті адами зерде – ұрпақтар сабақтастығының және әрбір халықтың тарихы мен дәстүрін сақтаудың негізі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстандағы әзірбайжан мәдени орталықтары одағы» Ассоциациясының төрағасы В.К. Салахов баяндамасында әзірбайжан халқы жалпыұлттық көшбасшысының жеке қасиеттеріне тоқталды. «Гейдар Әлиев есімінің жеке, саяси өмірде жеткен биіктігі, оның ізінен ерген әзірбайжан халқы үшін азаматтық тұрғыдан мәңгі үлгі болуы керек», - деді ол өз сөзінде.
Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Закир Ариф оглы Гашимов қорытындылай келе, Музей әкімшілігіне іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді және конференцияның Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде өткізілуінің маңыздылығын атап көрсетті.
![]()
![]()