«Казахстанская правда» газеті
ГЕРМАНИЯ ҚАЗАҚСТАНМЕН КІТАПХАНА ІСІ ҚҰПИЯЛАРЫМЕН БӨЛІСЕДІ
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы және Фридрих Эберт атындағы неміс Қоры Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойысты
Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, немістердің тарапынан Ф.Эберт атындағы Қордың Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің директоры Пэр Тешендорф сөз сөйледі.
"1925 жылы демократиялық жолмен сайланған Германияның бірінші рейхс-президенті Фридрих Эберттің құрметіне құрылған Фридрих Эберт атындағы Қор – әлемнің 100-ден астам елінде өкілдігі бар және орасан зор тәжірибесі бар, Еуропадағы аса ірі қорлардың бірі. Келешекте екі ұйымның өзара ықпалдастығы екі елдің сараптамалық қауымдастықтарының диалогына және Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі жалғастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, білім берушілік семинарлар ұйымдастыру, кітап басып шығару, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр", – деп атап көрсетті Махмұд Қасымбеков.
Қордың өкілі Пэр Тешендорф кітапхананың өте жақсы жабдықталуы мен аса бай кітап қорын тілге тиек ете отырып: «Біздің Қор 80 жылдан астам жұмыс істеп келеді және әртүрлі елдермен ынтымақтастықта бай тәжірибесі бар. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы – сіздің елдің өрлеуі мен жетістігін білдіретін маңызды институт. Өз тарапымыздан біз кітапхананың дамуына өзіміздің үлесімізді қосатынымызға қуанышты боламыз», – деп ынтымақтастықтың серпінді әрі жемісті болатынына сенімділік білдірді.
Құжатқа қол қойылған соң Пэр Тешендорф кітапханаға неміс тіліне аударылған ҚР Конституциясын және Ф. Эберт атындағы Қор шығарған бірнеше кітаптарды сыйға тартты .
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Мемлекет басшысының 2014 жылдың 13 наурыздағы Жарлығымен құрылған және онда мұрағат, мұражай, кітапхана және сараптамалық орталықтың функциялары үйлестірілген.
Қазіргі уақытта кітапхананың кітап қоры 40 мыңнан астам кітап пен 500-ден астам экспонаттарды құрайды. Бұл әлі бастамасы ғана, коллекциялар күнделікті толықтырылу үстінде. Интерактивті галерея, қызықты экспонаттар, дүние жүзінен жиналған сирек кітаптар, интерактивті тач-үстелдер, еліміздің жылнамасынан алынған бірегей фотокадрлар – кітапхана расында да таң қаларлықтай.
Автор: Зарина НОКРАБЕКОВА, Астана
http://www.kazpravda.kz/news/view/26030