Ғасырлар тоғысындағы толғамдар

www.egemen.kz

Ел егемендігі жылдарын болашақтың жарқын жолымен ұштастыра зерделеуде, кешегіні дұрыс дестелеп, келешекті кемел көрегендікпен кестелеуде Елбасының хатталған еңбектері ересен. Тұңғыш Президент кітапханасында өзіндік орны бар бұл туындыларды қайталай парақтағанда, не түйсінеміз?

Ақиқаттың ақ жолы

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақиқаттың ақ жолы» кітабы 1991 жылдың наурыз-сәуір айларында қағаз бетіне түсіпті. Қазаққа қасиетті сол жылы жарыққа шықты. Елеулі еңбекке зерде жүгіртіп, өз кезеңінің шындығы тұрғысынан үңілсеңіз, теңдессіздігін түсінесіз. Әсіресе, әліппесі ашылып үлгермеген нарықтық экономика туралы салиқалы сөз сапталады. Болашаққа батыл қадам басқан, өз амал-әрекетінің нәтижесі арқылы ертеңнен не күтуге болатынын анық салмақтаған сақа саясаткердің жан сыры. Әрине, қоғамның бір формациядан келесі бір формацияға ауысуы – орасан зор құбылыс. Басқасы басқа, адамдардың санасын өзгерту, оңалту, тиімдірек ойлауға иілдіру – қиынның қиыны. «Кейде мен өзіме өзім: «Біздің халқымызға не қажет осы?» деген сұрақ қоямын. Әзірше бұл сұраққа сеніммен қайтаратын бір ғана жауабым бар: халық өзінің тұрмысының қашан жақсаратынын тағатсыздана күтуде. Қазір ол қайдағы бір жарқын болашақты күтуді тіпті де, қажет етпейді. Оның үстіне, қазірдің өзінде сапалық жағынан тіпті, өзгеше көрінетін ондай болашаққа жету жолы кезекті сынақтар арқылы өтетіні уәде етіліп отырса», дейді автор 228-бетте. Ендеше, ол қандай қилы-қилы күндердің тап келетінін алдын ала анық білді… Қысқасы, кітаптан шынайылық лебі аңғарылады. Оны ұлы мұратқа аттанғалы тұрғандардың сұхбаты десек те жарасар.

Ғасырлар тоғысында

1996 жылдың 23 сәуірі. Мемлекеттік тұрғыдан «ненің қалай?» екені, «қайда? қашан?» екені нақтылана қоймаған дүдамал кезең «Ғасырлар тоғысы» кітабында ел болудың алғашқы қадамдары хақында айтылады. Ал 1996 жылдың 23 сәуірі – кітап  жарық көрген күн. Кітап оқитын шақ болмаса да мұндайда қалың оқырманға Елбасы жазған еңбек, әрине, қызығушылық туғызбай қоймайды. «Енді не болмақ?, Қайтпек қажет?» деген тарихи кезеңнің кейіпкерлері өздерінің заңды сауалдарына жауап іздейді. Президент болса, оқырман-көпшілікке мән-жайды бірден білдіреді: «Басын ашып алайық: бұл кітап өз көзімізбен көргенімізді, өз басымыздан кешкенімізді, жүздес-сұхбаттас болған тұлғалардың мінездемелерін қамтығанымен, мемуар жанрына жатпайды. Егер бізге салса, бұл шығарманың жанрын «болашақ жайлы естелік» деп санаған орынды сияқты…». Олай дейтіні – бүгініне болашақтың көзімен қарауды талап еткендігінен. Оның көкейге қонымды мына бір сөзі санада сәуле шашып тұрады: «Мен – өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын».

Тарих толқынында

Мыңжылдықтар тоғысы. «Тарих толқынында» жарық көрді. 1999 жылдың 13 қаңтарында Алматыдағы «Анкара» мейманханасында тұсаукесер рәсім өтті. Дәл қай күні екені жадымызда жатталмағанымен, бұл оқиғаның Қазақ радиосынан берілгені құлағымызда қалыпты. Ала таңнан қара кешке дейін электр шамы сөнетін, бүтін тірліктің берекесі бүліне жаздаған сол сұрқай жылдары айналайын қара радио көп көңілге кәдімгідей демесін қылғаны рас. Ауылдың құлағы да, көзі де, сөзі де өзі еді… «Тарих толқынында» – Мемлекет басшысының өткен ғасырлар көкжиегіне көз жіберіп, көкей суарған кітабы. Қаққанның таңдайын, ұшқанның қанатын талдырар атамекенінің кешегісін ағымдағысымен тұтастырған зерттеу. Шығарма негізгі бөлімінде өткен күннің өрнегін түзген. Тарихты кезең-кезеңімен тиянақтаған оқулық десе, жарасымды. Ал қорытынды тұсқа келгенде, автор әр сөзін санамалап ой түйетін әдісімен келер күнге деген асқан алаңдаушылығын аңғартады. «Тарих шеңберлері және ұлттық зерде» тарауындағы мынау сөз – ойымызға тұздық: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттілігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда руханияттың бастауларын түсінгеніміз жөн». «Тарих толқынында» Президент халықтың қажеттілігі ғана емес, міндеті болуға тиіс жайттарды ерекше ескерген. «Ал осы міндет біздің алдымызға тек қана, бір ғана ұлы мүмкіндік түрінде емес, қатал қажеттілік түрінде де қойылып отыр. Оны шешсек, біз тарихтың өзімізге шақталған мезгіліне сәйкес боламыз, тарихи болымсыздықтың бос қуысында босқа қарманып жүрмейміз».

Еуразия жүрегінде

Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз шығармаларының бірі – Астана. Шежіреге шегенделіп үлгерген шындық осындай. Елорда топырағын Арқа төрінен табудың сыры неде? Бұл туралы және сағат тілімен санастырмаған, мехнаты мол өзге де істер жөнінде «Еуразия жүрегінде» еңбегінде баян етілді. Ең басты сауал төңірегінде Елбасы былайша ой жұптайды: «Астананы көшіру Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына мен сенімді болдым. Біріншіден, астананы көшіруді біз әуел бастан геосаяси тұрғыда Қазақстанды нығайтуға бағытталған қадам ретінде қарағанбыз. Сөйтіп, біз өзіміздің бейбітшіл сыртқы саясатымыздың сан салалы бағыт­тылығын қуаттадық… Екіншіден, біздің таңдауымызда қауіп­сіздік мәселесі маңызды орын алды. Бұл тұр­ғыда тәуелсіз мемлекеттің астанасы сырт­қы шекаралардан алыстау жерде, мүм­кін­дігінше елдің ортасына таман тұруға тиіс-ті… Үшіншіден, астананы ауыстыру Қазақстанның экономикасын одан әрі дамыту тұрғысынан да тиімді еді… Төртіншіден, бұл шешім елде тұ­рақ­тылық пен ұлтаралық келісімді нығайту тұр­ғысынан даусыз артық­шы­лық­тар әкел­ген қадам болды».

Қазақстан жолы

Кіндік шаһар жайында талғамды толғаныс «Еуразия жүрегінде» түгесіле қалған жоқ. «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым. Өйткені, Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», дейді Президент «Қазақстан жолы» кітабында. Әрине, «өгіз өлгелі, арба сынғалы» жатқанда, көкейде ғана орын тепкен мұндай көрікті ойды ауыздан шығару ессіз қиялшылдық көрінер еді. Ал бірер жылдан соң жариялау – көзсіз батылдықпен тең. Себебі, халықтың экономикалық-әлеуметтік ахуалы, қоғамдық тұрғыдан санадағы өзгергені ләзім өлшемдер өте батыл бастама көтеруге уақыт қажеттігін талап етуші еді. Сондықтан елорданы ауыстыруға қатысты сөз қозғау үшін асқан жүректілік пен білімдарлық, жаңашыл бастамаға тұтас жұрттың көзін тез жеткізетін қажыр-қайрат, дәлірек айтқанда, құдірет пен қабілет ауадай қажет болатын. Бәрі табылды. Астана салынды. Қазір ше? «Қазір мен Астана көшелерінен өтіп бара жатып, оған сүйсіне қараймын. Көптеген астаналықтар сияқты мені де бұл жерде ештеңемен шатастырып алмайтындай, өз үйімді тапқандай, айтып жеткізуге болмайтын сезім баурады. Кісі оны басқа еш нәрсемен шатастырып алмайды ғой. Бұл қуаныш пен тыныштықты қатар сезіну болатын. Тіпті, көше шамдарының өзі саған нұр шашқандай, ағаш жапырақтары сенің басыңнан сипағандай сезімге оранасың», – дейді Елбасы «Қазақстан жолында».

Сөз соңы

Мемлекет басшысының кітаптары жоғарыда аталған кітаптармен бітпейді, әрине. Тұңғыш Президент жайында жазылған шығармалар да алуан-алуан. Әсіресе, өзге тілдерде жарық көрген жазбалар – өз алдына бір шоғыр. Мәселен, жуырда Мәскеуде таныстырылымы өткен орыс тіліндегі «Не шелковый путь» шығармасы – бүгінге дейін жарық көрген еңбектердің әзірге соңғысы. Бірінші басшыға қатысты хатталған барлық кітаптар күрделі ғылыми-тарихи зерттеу үшін таптырмас тақырыпқа толы. Осы ретте мына жайтты айрықша атап өткен абзал: Елбасы кітапханасы қорында жинақталған материалдардың өзі – келешекте дүниеге келер талай туындыға азық.