ҒАЛЫМДАР «ПРЕЗИДЕНТТІҢ БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАСЫ» АТТЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА ҮНДЕУІН САРАЛАДЫ

2018 жылғы 5 наурызда Мемлекет басшысының қатысуымен Парламент Палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысы өтті. Оның барысында Президентіміз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жасады.

«Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін. Сол себепті, мен бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма үндеу жариялағалы отырмын. Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ, Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды! Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт. Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз», - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасы әлеуметтік жаңғыруға бағытталған бес бастаманы белгіледі. Олардың қатарында баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз ету мәселелері бар.

Мемлекет басшысының жаңа үндеуін халық жылы қарсы алды. Осы тұста Елбасы кітапханасының қызметкерлері де бізбен пікір бөлісті.

Халықаралық ғылыми жобалар қызметінің басшысы, саяси ғылымдардың кандидаты Мәриан Әбішева былай дейді:

1232731_10201824370309956_2035981205_n

– Осыдан 10 жыл бұрын «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Мемлекет басшысының Жолдауында барлық қоғамдық сатыдағы отандастарымыздың әлеуметтік жағдайын ұдайы жақсартып отыру – мемлекет саясатының басты мақсаты екені жазылған. Бүгінде біз саяси бағдарымыздың әлеуметтік бағыты өзгеріссіз қалғанын байқаймыз. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі әлеуметтік жауапты мемлекет құру бағытының сабақтастығын дәлелдеді.

«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты Президенттің бірінші бастамасын ең маңызды бастама ретінде қарастыруға болады. Елбасының өзі белгілегендей, баспана мәселесі – «айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе». Меніңше,  оны ұлттық идея деңгейінде қарастыруымыз керек.

Адамзат баласы үшін әлемдегі ең керемет мекен – өзі мен жанұясы берекеде тұрып жатқан жер саналады. Дәл сол сияқты, «үй» деген түсінікке әркімнің көзқарасы бөлек. Үй – тек сәулет құрылысы емес, ол туған ошақтың жылуымен де шектеле қоймайды. Ол құндылықтар мен ұстанымдарға толы адамның жеке әлемі. «Үй» – біздің өмірімізді мән-мазмұнға толтыратын негіз. Жаңа идеология, жаңа құндылықтар мен даму мақсаттары қажет болған жағдайда алысқа барудың керегі жоқ. Патриоттық тәрбие берудің күрделі құрылысын жасауда жаңалық ашудың да қажеттілігі жоқ. Халықтың санасын «ең күштісі – менің үйім», «ең мықтысы – менің елім», сондай-ақ «менің үйім – менің елім» деген түсініктерге ұйытқан жөн, - деп ойын Мәриан Асарқызы түйіндеді.

Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағынтай Бердагулова да пікірін білдірді:

– Бүгінгі күн – Қазақстан халқы үшін атаулы күн. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы елімізде жүзеге асырылуы тиіс бес әлеуметтік бастаманы жариялады. Қоғамымызға қатысты негізгі мәселелерді шешуде Президентіміз кешенді амал-тәсілдерді қолданады. Бұл жайт бәрімізді тәнті етіп отыр.

Сөз басында Мемлекет басшысы Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар бірлігінің арқасында керегесі берік ортақ шаңырақ құрғанымызды айтты. Аталмыш бастамаларды алға тарта отырып Елбасы бұл тұжырымның мазмұнын жаңартып, еліміздегі әлеуметтік сенім мен татулықты одан әрі дамытпақ.

Президент үндеуінің ерекшелігі нақтылығында. Оның аясында деректер мен сандар келтіріліп, қаражаттың қайдан алынатыны айтылады. Демек, мәселелер қатары толықтырылып, әлеуметтік жаңғыру ісі жүргізілмек. Бұл – басы ғана. Елбасы бастамалары халықтың жүрегінен орын табатынына сенімдімін. Мұның бәрі біздің қоғамымызды нығайта түсері анық, - деді ол.