«Физика ғылымын кей жұрт қиын дейді. Дәлірегінде қиындатып жүрген өзіміз ғой. Физиканың қиын көрінетіні жеңіл, әрі түсінікті тілмен жеткізе алмауымызда», - деп бастады әңгімесін физик, ғалым Нұрхат Жәкиев. Ол бүгінде «Ғылым» аталымындағы «100 есім жобасының» жеңімпазы, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, PhD доктор. Нұрхат экономиканың барлық саласына цифрландырудың маңызы мен адамзат одан қандай пайда алатыны туралы жан-жақты ізденіп жүр. Елбасы кітапханасындағы «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингіне қатысушы студенттер ғалымның шеберлік дәрісіне қанықты. Студенттер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық және С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттерден келді. Екі күн ішінде олар физиктің әңгімесінен өзге еліміздің басты бағдарламалық құжаттары және кітапхананың экспозициясымен танысты.

Физиктің өрелі ойларынан шабыттанғандардың бірі - Мөлдір Төлен. Ол Абай атындағы ҚазҰПУ-дың физика-математика факультетінің үшінші курс студенті. Айтуынша, Елбасы кітапханасындағы семинарға қатарластарынан естіген бойда бірінші курста-ақ келгісі келген. Оқуда озат, қоғамда белсенді жастардың семинарға қатысу мүмкіндігі жоғары екенін естіген соң сол үдеден шығуды еш ойдан шығармапты. Кітапханаға келуіне де сол себеп.
– Студенттер деканы ретінде әркімнің оқуда және өмірде де әлеуетінің ашылуына көмектесемін. Біз көптеген іс-шара өткіземіз. Түрлі байқау мен викторина ұйымдастырамыз. Елбасы кітапханасындағы аса пайдалы іс-шараның бірі – әрбір жас буынды қанатын қомдап, шабытын үстейтін семинар-тренингтер екеніне көзім жетіп отыр. Бұл дәрістер танымымызды кеңейтіп, зердемізді толықтырды. Меніңше, өз болашағына зор жоспар қоятын әрбір жас үшін Елбасы кітапханасы білімнің таптырмас қайнар көзі, - деп түйіндеді жас көшбасшы.
– Семинар-тренинг маған сыни ойлаудың не екенін ұғындырып-үйретті. Мұнда біз өмір құндылықтары, Елбасының тағылымды өмірі мен қызметі туралы өнегелі әңгіме тыңдап, ойларымызбен бөлісуге мүмкіндік алдық. Мұндайды тағы қай жерден ести аламыз?!, - дейді ҚазҰПУ-дың 2 курс студенті, келешек дефектолог Жаңылсын Орыспай.
Семинар-тренингтер бір жағы әлбетте Қазақстанның дамуына өз үлесін қосқан танымал азаматтармен бетпе-бет жүздесудің мүмкіндігі. Осы жолы ғалым Нұрхат Жәкиев энергожүйелердің компьютерлік модельдері туралы жан-жақты айтып берді. Оның зерттеу еңбектері рейтингісі жоғары «Energy Procedia», «Energy Conversion and Management» журналдарында жарияланыпты. 15 ғылыми жарияланым мен 5 авторлық куәлік пен бір патенттің иесі де екен. Көптеген халықаралық конференцияға белсенді қатысып жүрген Нұрхат әрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының ғылым жөніндегі Кеңесінің мүшесі де.
Студенттермен әңгімесінде жас ғалым докторантураға тек бірнеше талпыныстан соң ғана түсе алғанын ашып айтты. Әлемді жетілдіруге және әрбір жаңа нәрсеге «ашқарақ» болу - қашаннан ғылымның қозғалтқышы, - деген ол семинар соңында қатысушыларға ойға алған мақсаттарының орындалуын тіледі.
Кездесу аяғында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова мен Нұрхат Жәкиев барша қатысушыға естелік сыйлықтар тапсырып, семинар-тренингтен өткені туралы сертификаттар тапсырды.