13 қарашада Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингі өтті. Семинар-тренинг – Н. Ә. Назарбаевтың қазақстандық мемлекеттіліктің іргесін қалаған тұлғалық қырларын, Мемлекет басшысының саяси және басқару тәжірибесінен «Көшбасшы әлемі» моделін ашатын «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында құрылған Елбасы кітапханасының білім жобасының құрамдық бөлімі болып табылады.
Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова алғы сөзінде:
– Алматы қаласындағы «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында Елбасы кітапханасы оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарына үш халықаралық конференция, бес ғылыми-тәжірибелік семинар және дөңгелек үстелдер сынды іс-шаралар қатарын өткізеді. Жобаның негізі – Елбасы кітапханасының жинағынан ұсынылған аталмыш қор көрмесі болды.

Ботагөз Мұттахиденқызы Елбасы кітапханасы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымына көпжылдық жемісті ынтымақтастығы мен әріптестігі үшін алғысын білдірді:
– Осы жылдар ішінде сіздердің университеттеріңіз профессор-оқытушылар құрамы, студенттері біздің жақсы досымыз әрі серіктесіміз болды.
Семинарға қатысушылар Елбасы кітапханасы дәріскерлерінің кәсіби деңгейінің жоғарылығын, материалдарды берудегі әдістемелік сауаттылығын, өздерін еркін әрі ашық сезінуде ерекше жағдай жасалғанын атап өтті. Семинарда талқыланған сұрақтар қатысушылардың шынайы қызығушылығын оятып, қызу пікірталас туғызды.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері жаңа білім мен тәжірибе жинағандарын айтты.

«Агрономия» мамандығының 2-курс студенті Алуа Жолбасарова:
– Н. Ә. Назарбаевтың еңбек жолының кейбір тұстары мен үшін жаңалық болды. Елбасы тұлғасының Қазақстанның қалыптасуындағы тәуелсіз мемлекет пен халықаралық қатынастарда тең құқылы субъект ретіндегі рөлі мен мәнін мүлдем жаңа сипатта көрдім. Семинарда айтылған еліміздің жаңа саяси мәдениетін қалыптастыруда жастардың рөлі туралы идея қатты қызықтырды.
«Агробиология» факультетінің 2-курс студенті Мөлдір Сүлейменова:

– Мұндай семинарлардың өтуі көшбасшылық, мықты ұйымдастырушылық қасиеттер мен сындарлы ойлауға, жаңа тәжірибелік дағдыларға баулиды. Мемлекет басшысы Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың тұлғасы беделді саяси көшбасшылықтың жарқын үлгісі екендігі сөзсіз. Елбасының тұлғалық әрі көшбасшылық қырларын көрсететін көрме өте әсер етті.
Семинар-тренингтің сәтті өткені – жобаны іске асырудың бүгінгі жастардың бойында қазақстандық бірегейлікті дамытуға, олардың қоғам өміріне саяси араласуын жоғарылатуға ықпал ететінін тағы да бір дәлелдеді.