«Көк тудың желбірегені» - еліміздің асқақ беделі. Қазақ жүрегіне жол тапқан мәнді туынды рухтандырады, жігерлендіреді, бойға отансүйгіштікті ұялатады. Туған жерге риясыз сезімін әнмен өрнектеген Ибрагим Ескендірдің жаны патриоттық шығармаларға жақын. Өнерімен халықты тәнті еткен жас дарынның қоржынында Отанға арналған 20-дан астам ән бар. Олардың бір парасын жанды дауыста Елбасы кітапханасындағы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісінің қатысушылары тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
- Өнер – тойда ақша табу емес, тағылымды тәрбие беру. Менің мұратым – қазақтың бірлігі мен елдігін, ұлттық құндылықтарын жырлау. Биыл ұлттық құндылықтарға толы жаңа дүниелерді жасау жоспарда бар. «Оян, қазақ», «Біріңді қазақ, бірің дос» әндері жарық көреді. Әрқайсымыз елдік пен бірлік жолында еңбектенуіміз қажет. Тәуелсіздік деген ұлы құндылықты қастерлеу – міндет. Қазақтың еңсесін көтеріп, елімізді дамыту бағытында аянбай тер төгу керек, - деп оқушылармен өзінің байыпты пайымымен ҚР «Дарын» сыйлығының лауреаты, әнші Ескендір Ибрагим бөлісті.
Қарапайымдылық пен еңбексүйгішті ту ететін әншімен ақтөбелік және қызылордалық оқушылар сырлы сұхбат құрды. Жасөспірімдер дарынды өнер иесінің балалық шағына асқан қызығушылық танытып, өздерінің сауалдарын жолдады.
- Мен ауылда дүниеге келдім. Егіс алқаптарында тер төгіп, мал бағып ер жеттік. Балғын балалық шақта қазақ жастары тік тұратын, оларды жігерлендіретін патриоттық әндерді шырқауды армандадым. Бүгінде тек әншілікпен шектелмей, жан-жақтылыққа баса назар аударамын. Өзімізді дамытып, қосымша білім алуға ұмтылған жөн, - деп өзінің ұстанымдарын «Жас тұлпар» сыйлығының иегері жайып салды.
Отансүйгіш әншіге жас ұрпақ бой түзейді. Жасөспірімдер ұлағатты әңгімеден ой түйген.
- Елбасы кітапханасының арқасында алғаш рет дарынды әншімен бет-бет кездесіп, қарапайымдылығына және туған жерге сүйіспеншілігіне тәнті болдым. Ескендір Ибрагим – көпшілікке өнеге әнші. Қара бастың қамынан гөрі елдің бүгіні мен болашағына алаңдайтын азаматтарға ұқсағым келеді. Мен келешегімді экономикамен сабақтастыруды ұйғардым. Елімізге мықты қаржыгерлер қажет. Елбасымыз Жолдауында жаңа экономикалық басымдықтарды айқындады. Олар өмірге жолдама алса, еліміздің әлеуеті арта түседі, - деп өзінің көзқарасын Қызылорда облысындағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы №135 орта мектептің 11 сынып оқушысы Дәуіржан Әмірбек бөлісті.
- «Отан – отбасынан басталады». Үлкенді сыйлап, ата-ананы құрметтеу қажет. Тек тәрбиелі және білімді адам ғана жетістікке жетеді. Мен ұялы телефонға үңілмей, кітап оқуға тырысамын. Елбасымыз біздің сапалы білім алуымызға жағдай жасап отыр. Артылған үмітті ақтауымыз қажет, - дейді Ақтөбе облысындағы білім инновациялы лицейінің 9 сынып оқушысы Аманбай Барақ.
«Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісінің жаңа маусымы ашылған болатын. Тыңдаушылардың алғашқы легі білім көкжиегін кеңейтіп, еліміздің белгілі тұлғаларымен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Бұл 2015 жылы қолға алынған әлеуметтік жобаның игі дәстүріне айналған.