Жақсылық жасау жолында жанын беруге дайын жақсы адамдар көп айналамызда. Елім деп еміренген ерлер барда, халықтың алмайтын қамалы жоқ. Жеке басын күйттемей тілсіз жаумен арпалысып, қаншама адамға «екінші өмір сыйлаған» бейбіт елдің батыры Ержан Амарханов бүгін Елбасы кітапханасына келді.

Грек-рим күресінің бапкері Ержан Амархановтың 2018 жылы жасаған ерлігі ел есінде. Ол Новосібір қаласына бет алған автобус өртенгенде 48 адамды ажал аузынан арашалап қалған болатын. Сол оқиғадан аман қалған жандардың Амархановқа алғыстары шексіз.

Сонау Семей қаласынан елордадағы Тұңғыш Президент музейіне арнайы ат басын бұрған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ержан Амарханов сол оқиғаға тағы бір тоқталды.
«Сол сәтте мен өзімді емес, адамдарды ойладым. Түн жарымында өртке оранған автобустан ұйықтап жатқан балаларды, үлкендерді алып шықтым. Санаулы минутта 48 адамның тағдыры шешілді. Бұл мені тәрбиелеген бапкерлерімнің еңбегі деп білемін. Өзім де қазір шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Олардың бәрі ертең шетінен чемпион болмасы анық, алайда адам болып қалыптасады. Адам болу – өмірдегі ең маңызды нәрсе», – деді Е. Амарханов.

Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратының әр залын асықпай аралаған мейман «Тұлғаның қалыптасуы» залындағы Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың балалық шағы мен мектеп қабырғасында жүрген кездерінен сыр шертетін жәдігерлерді тамашалады. Тәуелсіз Қазақстанның рәміздері, ел астанасының бұрынғы және қазіргі кезеңдері баяндалатын залдарды аралады. Ғимараттың 6 залында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздары туралы баяндайтын арнайы экспозиция қойылған. Сол жерден өзінің суретін көрген спорт шебері таңданысын жасыра алмады:
– Бас қалаға Тұңғыш Президенттің музейін аралап көру үшін арнайы келдім. Бұл жерден өзімнің суретімді көргенде қатты таң қалдым. Қанша музейлерге барып жүрмін, бірақ мынандай музейді бірінші рет көріп тұрмын. Өте керемет. Мәдени орынның барлық залы заманауи техникалармен қамтылған. Бірінен-бірі өтеді. Мұнда біздің Тұңғыш Президентіміздің өмір жолы мен еңбек жолы туралы толық ақпарат алуға болады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы жолындағы Елбасының еңбегі ерен. Бұл жердегі суретімді шәкірттеріме мотивация болсын деп көрсетемін.
Жеті жасынан спортты серік еткен Ержан Амарханов «Қазақстан мақтанышы» интерактивті залына өткенде көзінде от ойнап, қанаттанып кетті.
«Кішкентай кезімнен спортпен айналыстым. Қазіргі технология дамыған кезде балаларды спортқа қызықтыру өте қиын. Спорт өмірдің барлық саласына керек. Спортпен айналысатын адам жақсылық жасамай жүре алмайды деп ойлаймын. Мен өз елімнің патриотымын. Қазақстанда туып, осы елде өмір сүріп жатқаныма қуаныштымын. Қазақ екенімді мақтан етемін», -деді Е.Амарханов.