Ермахан Ыбырайымов: «Жұлдыз ауруын Абайдың өлеңі жеңуге көмектесті»

Жеңісті Сидней Олимпиадасы еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылды. 17 жыл бұрынғы байрақты бәйгеде саңлақ спортшыларымыз үш алтынды олжалады. Сертке беріктігін Ермахан Ыбырайымов дәлелдеді. Былғары қолғап шебері халықаралық деңгейде қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранын әуелетті. Майталман боксшы талай жылғы дайындығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі жайлы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісі алаңында сыр шертті.
0U3A7388
- Елбасы 2000 жылғы Олимпиада ойындарында еліміздің көк байрағы маған сеніп тапсырды. Жауапкершілік жүгін сезініп, «Мемлекеттік туды абыроймен көтеріп, бас жүлдемен ораламын» деп уәде бердім. Шаршы алаңда румын боксшысымен қолғап түйістіріп, кездесуімізді 2 ұпай шешті. «Жеңілуге болмайды» деген ой мені қамшылады. Өзіме сөз беріп, іштей қайрай түстім. Ақтамберді жыраудың шығармалары қуат берді. Ал «жұлдыз ауруын» Абайдың өлеңі жеңуге көмектесті:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап», - деп өзінің маңдай термен бұйырған жеңісін Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов ой елегінен өткізді.
Елбасы кітапханасы еліміздің мерейін асырған былғары қолғап шеберімен сырлы кездесуді батыс пен шығыстың оқушылары үшін ұйымдастырды. Жасөспірімдер саңлақ спортшының балалық шағы, өмірлік ұстанымдары мен арман-мақсаттары туралы өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.
0U3A7399
- 10 жасымнан бокспен шұғылдандым. Жаттықтырушым «спорттан қол үзбе, сен чемпион боласың» деген сөзі әрдайым санамда жаңғырды. Бойымдағы қобалжу мен қорқынышты жеңу мені жеңіске жетеледі. Шынтуайтында, бокс – нағыз жүректілердің спорты. Оған бет бұрғандарға 3 қасиет қажет: тайсалмау, еңбек ету және шыдамды болу. Менің бойымда да жалқаулық болды. Бірақ шын ниетпен еңбек етпесеңіз, жетістікке жету екіталай, - дейді саңлақ спортшы.
0U3A7395
Ермахан Ыбырайымовтың қазақстандық боксты дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар. Тәжірибелі былғап қолғап шебері біліп-түйгенін кейінгі толқынға меңгертуде. «Бокстан олимпиадалық даярлау орталығы» РМК директоры талай байрақты додаларда қарсыластарын тізе бүктірген спортшыларды баптауға атсалысты. Сидней олимпиадасының чемпионынан Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Данияр Елеусінов тәлім алған.
- Боксшылардың дені менің шәкірттерім. 2002-2004 жылдары Олимпиада ойындарына Геннадий Головкинді дайындадым. Ол Афинадағы бәсекеде күміс жүлдені жеңіп алды. Кейін дарынды боксшы кәсіби спортқа ауысты. Оның соққысы өте мықты. Сондықтан қарсыластары ұзақ уақыт бойы шыдас бере алмайды. Меніңше, наурыздағы кезекті кездесуде Геннадий өзінің қарсыласын 4-5 раундта сұлатады, - деп өзінің пікірімен атақты боксшы бөлісті.
0U3A7479
Талай Олимпиада ойындарында 69 келі салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық боксшылардың асығы алшысынан түсуде. Бәсеке көрігін қыздыратын кезекті бәйгеде былғары қолғап шеберлері жеңісті қолдан бермек емес.