«ЕРКІН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ»

1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Назарбаев орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еркін елдің ертеңі» атты кітабының тұсауы кесілді

«Еркін елдің ертеңі» жастарға арналған қойын кітап. Кітапқа Елбасының бірлік, адамгершілік, қазақстандық патриотизм, мемлекет, жаһандану, саясат пен экономика, өркениет пен мәдениет туралы таңдамалы нақыл сөздері мен ой толғаныстары топтастырылған.

Қойын кітап үлгісінде үш тілде қатар жарық көріп отырған жинақ «Қазақстан 2050» стратегиясын жүзеге асыру барысында жастарға бағыт беретін бағдаршы болмақ.

Шара шеңберінде Н.  Назарбаевтың «Ой бөлістім халқыммен» атты аудиокітабының AppStore, Play Market және Marketplace-қа арналған электрондық қосымшаларының да тұсауы кесіледі. Бұдан былай аталмыш туындылар интернет-дүкендер арқылы барша қазақстандықтарға қолжетімді болады.

Тұсаукесер рәсімінде жастардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған бейнехаты көрсетілді. «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен мектеп оқушыларына Елбасының қолтаңбасы қойылып, тілегі жазылған кітаптар табысталады.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, Дулат Жақсыбеков:

«Бүгін барша қазақ жұртын Тұңғыш Президент күнімен, әрі «Еркін елдің ертеңі» атты кітаптың жарық көруімен де шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылдардың басы ұлтымыз үшін, халқымыз үшін қиын жылдар болғаны ақиқат. Ал Елбасы осы қиындықтарға қарамастан жастардың өсіп жетілуіне үлкен жағдай жасады. Бұл жағдай «Болашақ» жастар стипендиясының құрылуы еді. Осындай сын уақытта Елбасымыз тәуелсіз елдің ірге тасын қалады. Бұл қазақ елінің алдындағы үлкен арман, мақсат болды. Аллаға шүкір, Елбасының арқасында бәріміз зор жетістікке жетіп отырмыз. Бүгінгі таңда мен «Болашақ» бағдарламасымен Швецарияда оқып келіп, «Назарбаев Университетінің» жоғары білім беру мектебінде жұмыс істеймін. Осы айтулы мерекемен құттықтай отырып, қазақ жұртының одан әрі қарай өсіп-өркендеуін тілеймін! Туымыз әр қашан биіктен желбірей берсін!»

«ТҰҢҒЫШ-ПЕРВЫЙ» ДЕРЕКТІ ФИЛЬМДЕР АПТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАБЫЛУ САЛТАНАТЫ

1 желтоқсан күні Назарбаев Орталығында ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тұңғыш-Первый» атты деректі фильмдер апталығының жабылу салтанаты өтті.

Орталықтың киноконцерт залында ел жастарының Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевқа жолдаған бейнехаты көрсетілді.

Жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері және мектеп оқушылары апталық аясында ұйымдастырылған «Н. Назарбаев. Өмірбаян» атты интерактивті көрмеден Елбасының қызметі һәм өмірімен танысты. Бұдан кейін олар Мемлекет басшысына бейнехатын жолдады:

Ақсұлтан Қалиев:

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Жолдауыңыздағы әр бөлікке, оның әр жолына мұқият көңіл бөліп, оны тереңінен ұғынуға біз құштармыз. Себебі осы жолдау өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар деп есептеймін. Ал мұны толық түсінген біз, жастар елімізді биіктерден көрсетуге мен кәміл сенемін!»

* * *

Әлия Закария:

«Нұрсұлтан Әбішұлы!

Мен 2050 жылға дейін өз елімді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу үшін өз үлесімді қосамын. Мен осыған дайынмын!»

* * *

Ерзат Қамбаров:

«Мен спортшымын. Менің спортпен айналысудағы басты мақсатым – өзімді ғана емес, артымда келе жатқан кіші балаларды спортқа баулимын! Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз болашақ елдің тірегі, қорғаны болуға дайынбыз!»

* * *

Мөлдір Сейітмағанбетова:

Өткенге көз салып қарасақ, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз жайлы фильмді көріп, кітаптарды оқып, өмір жолыңызбен танысып, бір нәрсені түсіндім. Біз, жастар, алға ұмтылып, білім алуға тиіспіз. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы – адам болса, адамның басты капиталы білімі болмақ!»

* * *

Арайлым Сейітжан:

«Біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ. еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін емес» деп орынды айтқансыз, аса қадірменді Елбасы!

Бізді, жастарды Сіздің күн сайынғы еңбегіңіз, қажыр-қайратыңыз шабыттандырады. Біз тәуелсіз Қазақ елінде сапалы, жүйелі түрде білім алудамыз. Елімізде экономика өрлеп, ғылым мен инновацияға жол ашылған. Әлемнің озық мемлекеттерінің қатарына ену Қазақ елінің әр азаматына тікелей байланысты. Және бұл – қол жеткізерлік мақсат!»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған «Тұңғыш-Первый» деректі кино апталығын 2013 жылдың 26 қарашасында ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы, «Назарбаев орталығы» ММ директорының міндетін уақытша атқарушы Махмұд ҚАСЫМБЕКОВ ашты.

Кино апталығына шақырылған мәртебелі меймандар қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Дәурен АБАЕВ; Президентіміздің үзеңгілестерінің бірі, Н.Ә.Назарбаевпен металлургия комбинатында еңбек жолын бірге бастаған, белгілі мемлекет қайраткері, дипломат, ҚР Сыртқы істер министрі лауазымын (1991-1994жылдары) атқарған, Дипломатия институтының директоры – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, ҚР ЖҒА-ның құрметті академигі, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі Болатбек ӘБДІРӘСІЛОВ; танымал журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан»РТРК Басқармасы төрағасының орынбасары Қайнар ОЛЖАЙ; 2000-2005 жылдары Астананың бас сәулетшісі болған, Қаржы министрлігі және қала әкімдігі, «Қазақстан» спорт сарайы, «Солтүстік тәжі» ТК, «Арман» ТК, Астанадағы конькитебу стадионының және салынып жатқан «Қазақстан ұлттық тарих мұражайы» жобаларының авторы Владимир ЛАПТЕВ болды.

Кино апталығы барысында 12 киносеанс өтіп, Президенттің өмірі мен қызметін көрсетуге арналған 8 деректі фильм көрсетілді. Киноапталықтың әр күні тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңін және мемлекеттің дамуына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан ерен еңбегін дерекпен дәйектеуге арналды.

4 мыңнан астам көрерменді қамтыған апталыққа көрермен ретінде келгендердің басым бөлігін Астананың жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектеп оқушылары құрады. Олардың арасында озат оқуымен және үлгілі тәртібімен көзге көрініп жүрген білім алушыларға ұйымдастырушылар Елбасының қолтаңбасы қойылып, тілегі жазылған кітаптарды тарту етті.

Апталық аясында Назарбаев орталығының көрме залында «Н.Назарбаев. Өмірбаян» атты интерактивті экспозиция ашылды. Көрмеде Елбасы – ҚР Президентінің қызметінің сан қырын көрсететін кітаптар, фотосуреттер, аудио-және бейнефильмдер, білім беру бағдарламасы арқылы 3D-панорама көрсетілді.Бұған қосаН. Назарбаевтың өмірбаянынан викториналық сұрақтар қойылып, шығармашылық жастардың байқауы өткізілді.