ЕРІКТІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-САБАҚ

Елбасы кітапханасы еріктілерге «Қазақстан – ғарыш айлағы» онлайн-сабағын өткізді.

Іс-шара Дүниежүзілік авиация және космонавтика күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы резиденциясында ашылған (қазір Елбасы кітапханасының музейі) «Адамға табын, Жер, енді!» халықаралық көрмесінің аясында ұйымдастырылды.

Сабақтың қазақ жерінен ғарышқа ұшқан алғашқы адамның құрметіне «Адамға табын, Жер енді!» поэмасын жазған Олжас Сүлейменовтың 85 жылдығымен тұспа тұс келуі терең мағына бар. Аталмыш поэманың атауы Елбасы кітапханасы халықаралық көрмесінің өзегіне айналды.

Сабақ қатысушыларының назарына Олжас Омарұлының бейне үндеуі көрсетілді. Оның барысында ақын Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан күнді еске алды.

 

Елбасы кітапханасының еріктілері еліміздегі ғарыш саласының жетістіктеріне қатысты бірегей архив материалдарын тамашалады. Олардың қатарында Қазақстан ғарышкерлерінің скафандрлары, жер серіктерінің фотосуреттері, макеттері, сондай-ақ ғарышта болған бір уыс Байқоңыр топырағының капсуласы,Қазақстанның мемлекеттік туы және қасиетті Құран бар.

Көрме ашылған сәттен бастап, мамыр айының соңына дейін Елбасы кітапханасы космонавтика бағытында тақырыптық сабақтарын өткізуде.

Кең бағдарламаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, оқытушылар, Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласының өкілдері, ғалымдары мен сарапшылары қатысып үлгерді.

Мәселен, Тоқтар Әубәкіровпен кездесу барысында әскери оқу орындарының курсанттары белгілі ғарышкерге өмірі мен қызметіне қатысты сұрақтар қоя алды.

Олардың біріне жауап беруде Тоқтар Оңғарбайұлы «Мир» орбиталық кешенінен Сатурн, Юпитер ғаламшарларының анық көрінетіндігін белгілеп, Айдың сұлулығына тәнті болғанын айтты.

Бүгінгі онлайн-сабақтың барысында да Елбасы кітапханасының еріктілері қажетті мөлшерде құнды да қызықты ақпарат алды.

Қатысушылардың бірі Нұрсұлу Туғанбаева атап өткендей, бұл ақпарат білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, елорданың имиджін қалыптастыруда, қазақ халқының тарихы мен ұлттық құндылықтарын насихаттауда пайдалы болмақ.