Еріктілердің әлеуетін келешекте жоғалтып алмай, келешекте еліміздің беделін арттыруға бағыттау қажет. Оның өмірге жолдама алуы мемлекеттік деңгейде үйлестірудің жолдарын айқындауды талап етеді. Еріктілік қозғалысына серпін беретін қадамдар Елбасы кітапханасындағы «Кемел Ел» мәдени-білім беру және жастарды тәрбиелеу орталығы Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында кеңінен қаузалды. Оған мүше қоғамдық институттар мен республикалық ұйымдардың, білім беру мекемелері мен ғылыми орталықтардың, ҮЕҰ, жастар бірлестіктерінің өкілдері тоғысты.

Биыл жер-жаһан жұртшылығы елорда төріндегі ЭКСПО көрмесіне көз тігеді. Әлемдік ауқымдағы шараны жоғары деңгейде өткізуге еріктілер қолғабыс етпек. Астана, Алматы және өңірлерден 4500 жас арнайы курстардан өтті. Бас қаладағы мәдени шараларда, қоғамдық нысандарда 1 мыңнан астам ерікті қолғабыс етпек. 3 мыңнан астам адам еріктілер резервін толықтырмақ. Халықаралық көрменің жұмысы үш айды құрағанымен, еріктілер оның ашылуына дейін жауапты қызметтеріне кіріседі.

– Бұл бағытта еріктілік қызметті ұйымдастыруға, оның барысын үйлестіруге және бақылауға жол ашатын қадамдар қажет. Еріктілер қозғалысына қатысушылар Көрме аяқталғаннан кейін қызметтерінің басымдықтарын және оның жалғасатынын сезініп, еріктілік қызметінің және қолға алған жобаларын дамыту стратегияларын түзуі аса маңызды. Оларды ынталандыратын бірыңғай жүйені, еріктілер қозғалысына серпін беретін ортақ стратегияны мемлекеттік деңгейде түзу – заман талабы. Бұл бағытта барлығымыз күш-жігерді жұмылдырып, түйткілдің түйінін тарқатудың жолдарын пысықтауымыз керек, - деп күн тәртібіндегі мәселенің бүге-шігесіне Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев тоқталды.
Елбасы кітапханасы 2016 жылдан бері жастар саясатындағы негізгі институттармен байланыс көпірін орнатқан. «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы аясында көшбасшыларды және еріктілер қозғалысының көшбасшыларын даярлауға арналған оқыту бағдарламалары бар. ЭКСПО-2017 еріктілерінің жобалық қызметін қолдау бағытында «Кемел Ел» сарапшылық клубы құрылды. Сонымен қатар еріктілер қозғалысының белсенділерінен көшбасшылар және жаттықтырушылар қатары жасақталып, оны ары қарай дамытудың стратегиясы және ынталандыру жүйесі әзірленуде.

Қолға алынған жұмыстарды жауапты орган Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаменті қолдауға дайын. Оның тізгінін ұстаған Ғабидолла Оспанқұловтың сөзіне сүйенсек, еріктер қозғалысын дамытуға арналған нормативтік-құқықтық база күшейтілмек.
– Елбасы кітапханасы жастар саясатындағы институттарды тоғыстырып, «Кемел Ел» орталығы аясында саланы дамытуға атсалысатыны қуантады. Өткен жылы «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданды. Бүгінде заңнамалық актілер пысықталуда. Оның арқасында толық заңнамалық база қалыптаспақ. Енді бізге нақты әрі жастар үшін тартымды жобалар қажет. Еріктілікке қызығушылықты оятудың бірыңғай жүйесі қарастырылуда. Оған ден қойған жастарға ерекше төсбелгі беру, ерікті кітапшасын жүргізу, кадрлық резервті қалыптастыру жоспарланған. Еріктілік жобаларына тартылатын жастардың кемінде 5 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандардың құрауына басымдық берген абзал. Біз әлеуметтік қызметті құру бойынша грант жариялаймыз. Оның жеңіп алғандар еріктілікпен қатар спортты, өнерді дамытады. Болашақта шетелдегі іспетті еріктінің қызметін жұмысқа қабылдау кезінде ескеруді қарастыруға болады, - деп атап өтті ол.

Еріктілер қозғалысына қан жүгіртіп, оны үйлестіру үшін ортақ дерекқордың, мобильді қосымшаның қажеттігі алға тартылды. «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Божақов бағдарлама бойынша шетелде білім алған түлектердің әлеуетін кәдеге жаратуды ұсынды. Оның арқасында еріктілерге сарапшылық және танымдық қолдау көрсетілмек.
Жиын барысында жастар ұйымдарының өкілдері бірыңғай әдістемелік материалдарды бірлесе түзуге кірісуге уағдаласты.
Нәтижелі сұхбат алаңына айналған Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында еріктілікті дамыту мәселелері қарастырылмақ.
