Еріктілер қозғалысы: жаңа деңгейдегі қадам

2017 жылдың 25 ақпанында ЭКСПО-2017 еріктілер қозғалысының көшбасшылары «Кемел Ел» сарапшылық клубы аясында Елбасы кітапханасында бас қосты. Олар «Еріктілер мектебі» жобалық тобы құрған ЭКСПО-2017 еріктісінің кодексін, құқықтары мен міндеттерін талқылады.
2016 жылы басталған еріктілер қозғалысы жаңа деңгейге бет алды. Оның аясында көшбасшылық және жаттықтырушының дағдыларды дамытуға, жобалық ойлау қабілетіне басымдық берілген.

0U3A7944

Қазіргі уақытта еріктілерді даярлаудың соңғы кезеңі қолға алынған. Оған сәйкес елордалық 1500 еріктінің қатарын түрлі аймақтардан жаңа белсенділер толықтырып, Астанада қосымша еріктілер резерві құрылмақ. Қала, мәдени орталықтар мен музей кешендері үшін еріктілерді дайындау жұмыстары басталды. Еріктілікке жалпы 10000 адам тартылады. Оның басым бөлігін жастар құрайды.

0U3A7975

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің арқасында Қазақстан жастарын еріктілікке жаппай тартуға жол ашылды. Көрме аяқталған соң, еріктілер қозғалысы бір орында тапжылмауы тиіс. Бұл бағытта тұрақты түрде қолдау көрсету аса маңызды.
Елбасы кітапханасы «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасының шеңберінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен, ЭКСПО-2017 еріктілік жұмысын ұйымдастыру бойынша орындаушы «ҚазҒылым» ғылыми орталығымен, ЭКСПО-2017 еріктілер штабына кіретін «Қазақстан жастар конгресі» ЗТҚ, «Жас Отан» ЖҚ, «Жас Ұлан» ББЖҰ, «PosadiDerevo.kz» ҚБ, «Зерайна» ҚҚ  іспеттес республикалық жастар ұйымдарымен байланыс көпірі орнатылған.

0U3A7980

Биыл еріктілер қозғалысының белсенділері Кітапханадағы «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» тақырыбында екі күндік семинар-тренингтің тыңдаушыларына айналды. Семинар «XXI ғасырдағы Қазақстанның «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы» атты теориялық бөлім мен «Көшбасшы әлемі» тұжырымдамалық моделі» деп аталатын тренингтік бөлімнен тұрады. Оның арқасында еріктілер мен супервайзерлерге көшбасшылық қасиеттерді дамытуға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға қолғабыс етіледі. Еріктілер қозғалысының саяси сауатты көшбасшыларын тәрбиелеу Отанға адал қызмет етуді және отансүйгіштік қасиеттерді дамытуға ықпалын тигізеді.

«Кемел Ел» сарапшылық клубы аясында жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстары да өз жалғасын тапты. Еріктілер қозғалысы көшбасшыларының кеңесі құрылып, еріктілік жұмыстарын үйлестіру және еріктілердің әлеуметтік жобаларын іске асыру кезінде алқалы шешім шығарудың форматтары қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ, еріктілер қозғалысы белсенділерінің коучинг қасиеттерін дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Кітапхана көшбасшылық және жаттықтырушы қасиеттерді ілгерілету, жобалық ойлау мен функционалды сауаттылықты дамыту мақсатында семинарлар мен вебинарларды әзірлейді.

0U3A7959

Еріктілік мәселелеріне қатысты келіссөздер жүргізуге, жиын өткізуге Елбасы Кітапханасы кездесу алаңын ұсынады. «Кемел Ел» сарапшылық клубының кезекті отырыс бағдарламасын әзірлеу барысында 23 ақпан күні Кітапхана басшылығының «ҚазҒылым» ғылыми орталығының директоры Альбина Сырымбетқызы Жұмашевамен кездесуі өтті. Кездесуде ЭКСПО-2017 еріктілер қозғалысын дамыту аясындағы ынтымақтастықтың болашағы қозғалды.