11 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде «Рухани сананы жаңғырту: кітапхана және мұрағат қызметтерінің өзекті мәселелері» дөңгелек үстелі өтті. Шара барысында тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеудегі кітапхана мен мұрағаттың рөлі, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын қазақстандық мәдениетті жаңғыртудың стратегиялық факторы ретінде жүзеге асыру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастыруда кітапхана мен мұрағаттың әлеуетін, жаңа қазақстандық отансүйгіштік, Елбасы өмірі мен саяси тәжірибесінің мысалында азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін қолдану, «Мәңгілік Ел» ұрпағы – қазақстандық ұлттардың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруда кітапхана мен мұрағаттың рөлі мәселелері талқыланды.

Шараға Астана, Алматы қалаларының, Алматы облысының кітапхана және мұрағат басшылары қатысты. Дөңгелек үстел модераторы – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов:
– Дөңгелек үстел біздің мемлекетіміздің алдыңғы қатарлы мәдени және ғылыми орталықтарының бірі, әсем қала – Алматыда өтіп жатқан
«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасын жүзеге асыру аясындағы келесі бір кезең болып табылады. Қай дәуірде болса да кітапхана мен мұрағат адамзаттың мәдени мұрасы, халықтың рухани қазынасын сақтауда ерекше міндеттер атқарады. Рухани жаңғыру тұрғысында күшімізді біріктеріп, кәсіби пайдалы үнқатысу орнатып, бүгінгі күні мәдени-ағарту және ғылыми-білім беру мекемелері үшін ортақ сұрақтар мен мәселелерді талдау өте маңызды. Жаңа заман жаңа тәсілдерді, технология, шешімдер мен идеяларды талап етеді. Елбасы кітапханасы мұрағат, кітапхана, музей, ғылыми, аналитикалық болжау, мәдени-ағарту қызметінің бағыттары бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асырады. Біз жинақталған жұмыс тәжірибелерімізбен қуана бөлісуге әзірміз. Бүгін өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме тарқатамыз деп ойлаймын. Қатысушыларға жұмыстарының жемісті, баянды болуын тілеймін!

Қазақстан Республикасы мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров өз баяндамасында қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруындағы мұрағаттың мәнін ашып берді:
– Жаңа рухани құндылықтарды және қоғамның бағдарын қалыптастыруда, рухани сананы жаңғыртуда тарихи өткенімізге үңілу, халықтың тарихи сана-сезімін қайта түлету үлкен рөл атқарады. Бұл үдерісте мұрағат пен кітапхананың мәні мен маңызы зор.
Б. Жапаров Қазақстандағы мұрағаттардың жетістіктері мен келешегі туралы айта келіп, мұрағат ісі саласындағы әлемдік алдыңғы қатарлы тәжірибелерге жүгінудің аса қажет екендігіне тоқталды.
– Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві алыс және жақын шетелдердің жетекші мұрағаттарымен іскерлік байланыстар орнатқан. Халықаралық және республикалық дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізіліп отырады, жыл сайын 30-ға жуық көрмелер ұйымдастырылады, – деді баяндамашы.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Ажар Жүсіпова мекеме қызметкерлері жасаған инновациялық жобалар туралы баяндамасын оқыды.
– Ұлттық кітапхана қорында оңтүстік астананың жетекші ғалымдары латын қарпін енгізу бойынша кеңес береді, халыққа жаңа әліпбиді игеруге көмектеседі, қоғамның басты сұрақтарына жауап береді. Еліміздің адами капиталының сапасын жоғарылату тәрізді маңызды бағыттарда кітапхана мен мұрағат бастамашы болуы қажет.
Елбасы кітапханасының Кітапхана жұмысы қызметінің басшысы Сандуғаш Әбсәдірова «Тәуелсіз Қазақстан тарихы бойынша Елбасы кітапханасының жеке қорын қалыптастыру және қолдану» тақырыбында баяндама жасады:
– Елбасының Жеке кітапханасының алдына қойған бірінші міндеті Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын ілгерілету және қолдау болып табылады. Біз Мемлекет басшысының қазақ халқының көркемөнер мұрасына аса ыждағаттылықпен қарайтынын білеміз, сондықтан қазақ жазушылары бастаған басқа да классиктердің туындылары енгізілген «Әлемдік көркем әдебиет» галереясын жеке бөліп алдық.

Сандуғаш Хамитқызы ұлттық мәдени мұраны насихаттау қажеттілігін атап айтып, Елорданың мәдени-ағарту және ғылыми-зерттеу мекемесінің бірегей қорымен қалың жұртшылықты таныстыруға бағытталған Елбасы кітапханасының «Елбасы кітапханасының кітаптар жинағы» және «Ел тарихы Елбасы кітапханасының жәдігерлері, кітаптары мен мұрағат құжаттарында» ақпараттық жобасын мысалға келтірді.
Мұрағат жұмысы секторының жетекшісі Жангелді Бимолдин баяндамасында Елбасының Жеке архиві жұмысының негізгі бағыттарын әңгімелеп, қызметкерлердің зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша дайындалған басылымдарды таныстырды.
– Елбасының Жеке архивінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттік және қоғамдық қызметі туралы бірегей өмірбаяндық, шығармашылық материалдар жинақталған. Мемлекет басшысының өмірі мен қызметінің кезеңдерін айшықтайтын жеке тұлғалық сипаттағы құжаттар біз үшін өте құнды.
Дөңгелек үстелде кітапхана және мұрағат жұмыстарын дамытудың өзекті мәселелері бойынша 12 баяндама жасалды. Қатысушылар құрылымдық пікірталас пен шараның ұйымдастырылуына алғыстарын білдірді.