Бүгін Елбасы кітапханасының оң жағалаудағы музейінде елордадағы № 51,86,67 мектеп-гимназиясының оқушыларына квест-экскурсия өткізілді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған квест-экскурсияның мақсаты – жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейту әрі бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
«Тәуелсіздік бастауында» тақырыптық квест-экскурсия барысында балалар «Өз жеріңді сүй және бiл» тарихи-өлкетану ойынына қатысты. Мұнда оқушылар ел астанасын Арқа төсіне көшіру жөніндегі жүйелі жұмыстар, әлемге әйгілі архитектор Норман Фостердің Нұр-Сұлтан қаласында іске асырған жобалары, «ЭКСПО-2017» көрмесінің орталық нысаны «Нұр әлем» шары, бас қалада бой көтерген «Бәйтерек» монументі, астана төрінде Алаш арыстарына арналған ескерткіштерге қатысты сұрақтарға жауап берді.
«Елбасы кітапханасы ұйымдастырған квест-экскурсияға қатысқаныма қуаныштымын. Мектепте алған білімімізді музейде тұрған құнды жәдігерлер мен мазмұнды мәліметтермен ұштастыра білдік. Құрдастарымызбен бірге еңселі еліміздің, бас қаламыздың тарихына тереңдей түстік», – деді № 67 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Рабия Арманқызы.