Тұңғыш Президент кітапханасында Астана қаласының № 73 физика-техникалық лицейінің тоғызыншы сынып оқушыларына «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» дәрісі өткізілді. Танымдық іс-шара ҚР алғашқы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына арналған.
Кітапхананың Мәдени-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова мемлекетіміздің тәуелсіздік тарихына қысқаша тоқталып, оның Ата заңының даму кезеңдерін кеңінен тарқатты.
Сабақ барысында оқушылар «сайлау жүйесі», «сайлау», «сайлау науқаны», «электорат», «праймериз», «мандат», «абсентеизм» т.б. ұғымдармен танысты. Сонымен қатар, отандық сайлау жүйесінің қалыптасу тарихы мен кезеңдерін зерделеді. Қазақстанда әр жылдары өткен сайлау науқандарының ерекшеліктерін білді.
Дәрістің интерактивті бөлімінде оқушылар Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде экспромттық сайлауға қатысып, сайлауалды бағдарламаларын әзірлеп, пікірсайыстарда сөйледі. Сайлаушылар атынан шыққан қалған оқушылар кандидаттардың сайлауалды тұғырнамаларына пікірлерін білдіріп, сайлауға өз дауыстарын берді.
Оқушылар сабақтың өте қызықты және танымдық болғанын атап өтіп, кәмелетке толғаннан кейін сайлау процесіне қатысу құқығын міндетті түрде пайдаланатынын атап өтті.