Үстіміздегі жылдың 19 қазанында Елбасы кітапханасының музейінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне арналған «Н.А. Назарбаев: картина мира политика мирового масштаба» дәрісі оқылды. Дәріс «Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы Н.Ә. Назарбаевтың саяси бастамалары» ғылыми-білім беру жобасының аясында өткізілді.

Дәріс барысында Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттік стратегияларының кезеңдері, саяси бағыттар мен «Назарбаев моделінің» адамгершілік құрамы туралы Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Ақтаева баяндап берді. Дәріскер қазіргі ашық саясаттың тарихи-философиялық негіздеріне аса назар аударды.
Дәрістің соңында Қазақ агротехникалық университетінің студенттері бұл дәрістің өте танымды әрі пайдалы болғанын айтты.

1 курс студенті Темірлан Омаров: «Біз энергетика факультетінде оқимыз, сондықтан да, негізгі пәндердің бәрі математика, физика тәрізді дәл ғылымдармен тығыз байланысты. Саяси ғылымдардан біршама алшақпыз. Осындай дәрістердің арқасында заманауи мемлекеттік-құқықтық жүйелер мен әлемдегі саяси үдерістердің ерекшеліктері жөнінде көбірек білеміз. Дәрісте айтылған кейбір ұғымдар мен түсініктерді білу мен үшін үлкен жаңалық болды. Бүгінгі дәріс жоғары деңгейде өтті».
«Дәріс материалдарының күрделілігіне қарамастан, дәріскер оны түсінікті әрі қызықты етіп жеткізді. Өткір саяси мәселелер нақты мысалдармен дәлелденді. Н. Назарбаевтың саяси бейнесі, еліміздің халықаралық саяси аренадағы жарқын жетістіктері ұтымды ұсынылды. Шынымды айтсам, мені еліме деген мақтаныш сезімі кернеді!» – деді курстасының сөзін жалғастырған Нұрым Нұрбол.

Дәрістен кейін Астана қаласындағы Президенттің алғашқы резиденциясының ғимараты бойынша студенттерге арналған экскурсия жүргізілді.