2018 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында дәстүрлі «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің марапаттау рәсімі өтті.
Дәстүрге айналған семинар-тренингтің қатысушылары – Астана қаласындағы Экономика, технология және тамақ өндірісін стандарттау колледжі мен Қазтұтынуодағы Сауда-экономикалық колледжінің студенттері.

Елорданың білім қуған жастары екі күндік семинар-тренингте Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» бағдарламасына бағытталған Елбасы кітапханасы ғылыми қызметкерлерінің дәрістерін тыңдады. Сондай-ақ курс аясында білікті мамандардың тренингтері мен тәжірибелік сабақтарына қатысып, біліктіліктерін арттырып, лидерлік қасиеттерін қалыптастырды.
Семинар-тренингтің марапаттау рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қатысушыларды құттықтап, елорда жастарына сәттілік тіледі.
Семинар-тренингке қатысқан студенттердің ерекше күйге бөленгенін аңғарған Экономика, технология және тамақ өндірісін стандарттау колледжінің арнайы пәндердің оқытушысы Бақытгүл Жанатхан өз ойымен бөлісті:

– Екі күндік «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингтің біздің оқу орнында оқитын жастарға берері мол болды. Елбасының кітапханасына келген студенттеріміздің көздері бал-бұл жайнап, шабыттана түсті. Осы мекеменің майталман мамандары жас ізденушілерге ізгі ой салып, олардың білім деңгейлерін арттырды. Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері дәрістер мен тәжірибелік сабақтарында Қазақстан Президентінің маңызды стратегиялық бастамаларын жастардың санасына сіңіруге күш салды. Семинар барысында студенттер білімдерін шыңдап, өз ойларын ашық айтуға дағдыланды. Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне колледж ұжымы атынан алғысымды білдіремін.
Сонымен қатар, курсқа қатысушылар Елбасы кітапханасының Музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсия жасады.

Семинар барысында тыңдаушылар философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуовпен кездесті.

– Мен Астана қаласында оқысам да осы сәулеті ерекше ғимаратқа алғаш рет келіп тұрмын. Екі күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Күнделікті өмірде ауызша қанша рет айтып жүрсек те, бағдарламаның маңыздылығына үңілмеппін. Болашағымызды бағдарлайтын семинар-тренингте «Рухани жаңғырудың» түп-тамырын терең түсіндім. Елбасының кітапханасында еселенген білімім болашақта білікті маман болуыма ықпал етеді деген сенімдемін, - деді Экономика, технология және тамақ өндірісін стандарттау колледжінің студенті Еркебұлан Тәңірберген.
Қазтұтынуодағы Сауда-экономикалық колледжінің студенті Арайлым Әділова да курстан алған әсерімен бөлісті:

– «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысқаныма өте қуаныштымын. Екі күн ішінде екі жылдық рухани азық жинап шыққандай болдым. Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің дәріс оқу, тәжірибелік сабақ жүргізу үлгісін ұнаттым. Бұл мекеменің мамандары қысқа уақытта мол мәлімет беріп, санамызға қозғау сала білді. Осындай тағылымды семинар-тренингтер жалғасын тапса деген тілектемін.
Елбасының кітапханасында өткен «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің марапаттау рәсімінде Экономика, технология және тамақ өндірісін стандарттау колледжі мен Қазтұтынуодағының Сауда-экономикалық колледжінен келген 50 тыңдаушыға сертификаттар табысталды.
