2019 жылды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялғаны баршаңызға мәлім. Осы уақыт аралығында жастарды қолдау мақсатында көптеген бастамалар мен жобалар мемлекет тарапынан қолдау тауып, жүзеге асырылды.
Дәл қазір елімізде волонтерлік дамудың жаңа кезеңіне өтіп, модернизацияланып келеді. Азаматтардың санасына қоғам игілігі үшін ерікті еңбек ету арқылы мемлекеттің дамуына сеп боламыз деген түсінік қонды. Нақтылап айтқанда, қазақстандықтардың жас буыны волонтерлік қызметтің әлеуметтік тәжірибе жинақтауға және мотивациялық кеңістікті кеңейтуге көмектесетіндігін ұғынды.
Осы ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының волонтерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл әртүрлі форматтағы іс-шараларға белсенді қатысатын елордалық ЖОО-ның үздік студенттері екені жасырын емес.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында, 25-26 қараша күндері № 40, 41, 60 мектептерде әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру қызметінің мамандары Елбасы кітапханасының волонтерлерімен бірлесіп, онлайн форматында еріктілер сағатын өткізді. Аталмыш жоба 350 оқушыны қамтыды.
Оқушылар «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев» тақырыбындағы еріктілер сағатында Елбасының өмірбаянымен танысып, оның балалық және мектеп жылдары қандай болғанын біліп, саяси және қоғамдық қызметтегі жетістіктері жайлы қызықты деректермен танысты. Сондай-ақ, балаларға мұражай экспонаттары мен мұрағат құжаттары арқылы Елбасының қалыптасу жолы мен көшбасшылық феномені көрсетілді.
«Бүгін еріктілер сағатында мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі туралы көптеген дерекпен таныстым. Айта кетейін, ол керемет спортшы, өте мейірімді және жанашыр дос. Ол нағыз патриот", - дейді толқыған №40 орта мектебінің 6-шы сынып оқушысы Әділбек Орынбасар.
