ЕЛОРДА ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ДӘРІС

Елбасы кітапханасының музейінде Нұр-Сұлтан қаласының №4 мектеп-гимназиясының сегізінші сынып оқушыларына «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» дәрісі өтті. Оқушылар тәуелсіз мемлекеттің басты рәміздерінің: Ту, Елтаңба және Әнұранның тарихына үңіліп, олардың авторлары туралы білді.

1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойды.

Азаматтардың басты парызы, әрбір қазақстандық үшін мемлекеттік рәміздердің мақсаты мен маңыздылығы туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде былай дейді: «Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы  қажет. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер».  

Іс-шара барысында балалар Елбасы кітапханасы қорынан алынған архивтік фото- және бейнематериалдарды тамашалады. Дәрістің мақсаты –өскелең ұрпақтың бойында жеке тұлғаның азаматтық-патриоттық қасиеттерін қалыптастырып, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға баулу.

«Өзара пікір алмасу болғандықтан дәріс өте қызықты өтті. Біздің оқушылар дәріскермен Қазақстан тарихы, оның тәуелсіздік кезеңі жайында ой  бөлісті. Олар астанадағы тарихи ғимарат – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің алғашқы резиденциясын аралап,  Елбасының жұмыс кабинетін, тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін залдарды көріп ерекше әсерге бөленді. Елбасының құжаттары, фотосуреттері, қолтаңбасы, оның жазбалары – оқушылардың өз Отанының тарихы бойынша білімдерін бекіте түсті», – деді №4 мектеп-гимназиясының педагогы Шарбану Кудерина.