
Елбасының өз өкілеттігін тоқтату туралы тағдырлы шешімі әлемдік тарихтың күнпарағына озық саяси мәдениеттің, нағыз патриотизм мен терең кемеңгерліктің жарқын үлгісі ретінде жазылды деп білемін. Бүгінде қазақстандықтардың әрқайсы бұл тарихи шешімді өздеріне тікелей қатысты аса маңызды оқиға ретінде қабылдап, жан-жақтан шынайы разылық сезімдерін білдіріп жатыр. Халықтың өз көшбасшысына деген шексіз ризалығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осынау тарихи шешімнің маңызының ауқымы жыл өткен сайын кеңейе беретіні анық.
Нұрсұлтан Әбішұлы жаһан деңгейіндегі саясаткер ретінде халықаралық қоғамдастық үшін өнегесі мол аса биік тұлға. Аса бай тәжірибесі, алысты болжай білетін көрегендігі, телегей теңіз білімінің арқасында біздің еліміз бұрынғы кеңестік елдер арасында қысқа мерзімде әлеуеті аса зор әлеуметтік-экономикалық негіз қалыптастырды. Бүгінде Қазақстан – бұл әлеуметтік салаға бірінші маңыз берген, тұрақты дамып отырған, әлем мойындаған мемлекет. Білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, шағын және орта кәсіпкерлік, ұлтаралық келісім, жастардың дамуы, сыртқы саясат бастамалары. Мұның барлығы да Елбасымыздың тікелей бақылауымен сәтімен жүзеге асып жатқан стратегиялық маңызы зор салалар.
Осыған орай, Астананың атын Нұр-cұлтан қаласына ауыстыру Елбасымыздың тәуелсіз мемлекет алдындағы аса жоғары, ерен еңбегін ескерген, әрі дер уағында жасалған салмақты шешім болды деп білемін. Астана қазақстандық дамудың драйвері ретінде, арманы биік мақсаттарды аса табысты жүзеге асырған шаһар ретінде өзінің негізін қалаған адамның атымен аталғаны қай жағынан алсаң да лайық екені талассыз.
Жылдар бойы Қазақстанның тұңғыш Президенті командасында жұмыс істеген адам ретінде оның ізгі идеялары мен алысты көздеген бастамалары үшін қызмет ету мен үшін зор құрмет, әрі биік мәртебе.
Нұрсұлтан Әбішұлы қазығын қағып берген ұлт дамуының негізі болған бірлік пен татулық Қазақстанның прогрессивті және бейбіт дамуының кепілі боп қала бермек.
Ә.М. Рахымжанов,
Тұңғыш Президенті
Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор