Елбасы кітапханасында дәстүрге айналған екі күндік семинар-тренингке елорда мектептерінің үздік оқушылары қатысты.

Астана қаласының әртүрлі мектептерінен келген 50 оқушы «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты екі күндік семинар-тренингте Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы, «Индустрия 4.0» – төртінші өнеркәсіптік революция» бағдарламасы, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы өзекті мәселелерді меңгеріп, осы тақырыпта тәжірибелік сабақта өз ойларын ортаға салды.
Курс тындаушыларына Елбасы кітапханасының музейі мен ҚР Ұлттық музейі бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, олар сол ғимараттардағы құнды жәдігерлермен танысты.

Оған қоса, оқу курсы барысында жас буынға «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Ирина Тенмен кездесу ұйымдастырылды.

Бұл басқосуда жеткіншектер тележүргізушіге көкейкесті сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Семинар-тренингтің марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Елбасы кітапханасының орынбасары Ботагөз Қайыпова қатысушыларды құттықтап, арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтарды тарту етті.
Елордадағы №76 мектеп-лицейінің дарынды оқушысы Бибінұр Қайсарова семинардан алған әсерімен бөлісті:

–Басында бұл семинар-тренингке қобалжып келдім. Алайда екі күндік оқу курсында теориялық білімімді шыңдап қана қоймай, топ-топқа бөлініп түрлі тәжірибелер жасап, дағдыланып үйрендім. Бұл семинар мектеп бағдарламасына мүлде ұқсамайды. Өйткені, біз мектепте тек сабақ айтып қана қоятынбыз, ал мұнда өз ойымызды ашық жеткіздік. Бұл жастар үшін ой-өрісіңді кеңейтетін таптырмас алаң десем артық болмас. Оған қоса, көптеген достар таптым. Дәрістерімен санамызға тың тақырыптың дәнін себе білген, өзімізді жан-жақты көрсетуімізге қолдау көрсеткен Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне алғысым шексіз!
