Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің музейіне Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов келді. Шаһар басшысы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы резиденциясын тамашалап, онда орналасқан экспозиция залдары мен құнды жәдігерлермен танысты.
Кездесу басында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова шаһар басшысына аталмыш мекеменің тарихы мен мақсат-міндетін айтып өтіп, сиясы кеппеген Елбасының жоғары мемлекеттік наградалар мен толық лекциялар жинағын тарту етті. Алтай Сейдірұлы сыйлықты жоғары бағалап, өз кезегінде Елбасы кітапханасына «Елорда архитекторы» кітабын тапсырды.
Экскурсия Қазақстан халқының өмірлік күш-қуатының, материалдық және рухани байлығының, жас егемен мемлекеттің дамуының символы – музей атриумында негізгі орын алып тұрған «Тәуелсіздік бастауында» зерделеуден басталып, астанадағы алғашқы жұмыс резиденциясындағы жұмыс бөлмесін аралаумен аяқталды.
«Н.Ә.Назарбаевтың еңбек жолы» экспозициясында Елорда әкімі Елбасының өмірбаянына қатысты бірегей материалдарға, қызмет жолы мен сындарлы кезеңдерде қабылданған құжаттарға айрықша зер салып, мұражайдың өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі тарихи маңызы турасында сөйледі.
«Келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы жатырмыз. Еліміз қарыштап дамып келеді. Егемен Қазақстанның кез келген жеңісі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Дәл осындай орталықтар арқылы біз жастарымызды дұрыс тәрбиелей аламыз. Елбасының өмір жолын білу – Тәуелсіз Қазақстанның тарихын білу, сондықтан осы бағытта қызмет етуден аянып қалмайық. Мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ жұртын келе жатқан жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Үйлеріңізге тек шаттық орнасын!», – деп жылы лебізін білдірді Алтай Көлгінов.



