«ЕЛІМНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН МАҚТАНАМЫН!» ЕЛОРДАНЫҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ДӘРІС

Үстіміздегі жылдың 16 наурызында Астана медицина университетінің студенттеріне «Қазақстан Республикасындағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің қалыптасуы» дәрісі өтті.

Дәріскер, Баспа және жұртшылықпен байланыс қызметінің жетекші сарапшысы Гүлден Карагизова құқықтық сананың қоғам мен мемлекетте өмірлік үдерістерді реттеуге әсер етіп, азаматтарды, барлық әлеуметтік топтарды шоғырландырып, қоғамның тұтастығын сақтауға және нығайтатуға, тәртіпке келтіруге ықпал ететініне тоқталды.

Дәріс барысында Мемлекет басшысының Қазақстанда құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның негізін қалыптастыру бастамаларына, Елбасы ұсынған конституциялық теориялар мен тұжырымдамаларға, жалпыұлттық қазақстандық жетістіктердің авторы ретіндегі Елбасының рөліне ерекше назар аударылды.

Дәріс тақырыбы көптеген сұрақтар мен талқылаулар туындатты, студенттер қазіргі таңдағы Қазақстан жастарының құқықтық мәдениетін қалыптастырудың мәселелері мен жетістіктері жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Екінші курс студенті Максим Зырянов дәріскердің Мемлекет басшысының құқықтық сана мен мәдениеттің жоғары деңгейін қалыптастырудағы саясатының тұрақтылығы мен бағыттарына толық тоқталғанын атап өтті.

Мені де саясат қызықтырады, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы оқиғаларды қалт жібермей қараймын. Құқықтық қатынастардың ерекшеліктері, еліміздің заңнамасындағы соңғы өзгерістер туралы көптеген ақпараттар алдым. Дәріс мен үшін қызықты әрі пайдалы болды, – деді Максим.

Екінші курс студенті Ақбота Әбжапарова:

– Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып жүргенде Мемлекет басшысымен кездесуім – есте қалатын оқиға болды. Еліміздің жетістіктерін, әсіресе, жаңа елордамыз Астананы ерекше мақтан тұтамын. Менің шетелде білім алатын мүмкіндігім болса да, отандық жоғары оқу орнын таңдағаныма қуаныштымын. Дәрісте Президентіміздің қазақстандық қоғамды рухани жаңғырту бастамалары туралы қызықты баяндалды. Дәріскердің Елбасымыз жаңа мемлекеттің ғана емес, жаңа ұлттың да негізін қалаушысы дегенімен келісемін.