Ізгілік Латиф Парпиевтің жанын жадыратады. Онколог-радиолог үшін мұқтаж жандарға қолғабыс ету – өмірлік ұстаным. Ақ халатты абзал жан 2 жылдан бері еріктілікке бет бұрған. Оның белсенділігі мен риясыз пейілі тәнті етеді. Азаматтық жауапкершілігі жоғары жас күнделікті қызметімен қатар 3 қайырымдылық қордың басы-қасында жүр. Ол еліміздегі «28 ілмек» қайырымдылық клубының жұмысын үйлестіреді. Латиф көпшілікпен бірге өзі де мерзімінен ерте туған шақалақтарға қажетті киім тоқиды. Дәрігер нәрестелерді күту және массаж жасау бойынша шеберлік сыныптарын өткізуді дәстүрге айналдырған. Игі істеріне тоқмейілсімейтін жас Ақмола облысындағы 5 балалар үйінің тәрбиеленушілерін әлеуметтік бейімдеуге атсалысады. Қоғамға жан жылуын сыйлайтын Латиф Парпиев еліміздің «Үздік еріктісі» атағы бойынша бас жүлдені иеленді.
– Жақсылық жаныңның айнасы. Онкологияда күйзеліспен бетпе-бет келуге тура келеді. Одан арылу үшін мейірімділікке толы еріктілікті таңдадым. Адамдарға қол ұшын созып, еңбегіңнің нақты нәтижесін сезініп, алғысқа бөлену дамуға қамшылайды. Менің айналымдағы достарым да еріктілікке тартылып, ізгі істерден жаңа күш-жігер алады. Ниетің болса, мұқтаж жандарға қолғабыс ете аласың, - деп түйді еліміздің үздік еріктісі.
Бір ай бұрын елімізде «Үздік ерікті-2016» байқауы жарияланды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 150-ден астам өтінім жолданған. Оларды іріктеу нәтижесінде «Үздік ерікті» аталымы бойынша екінші орынды Валерия Джембетова иеленсе, үштікті қарағандылық Андрей Савчук түйіндеді. Павлодар облысындағы «Болашақ» КММ еріктілер орталығына «Үздік еріктілік ұйым» аталымының алтын жүлдесі табысталды. Екінші орынға Қызылорда қаласындағы «Ұлаған ұландары» бірлестігі лайықталса, қола медаль «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС Жастар кеңесіне бұйырды. VI қысқы Универсиадаға әзірлік жұмыстарына қатысқан «Еріктілер және еріктілер ұйымы арасындағы үздік ерікті» аталымы бойынша Аружан Құрымбаева бірінші дәрежелі сыйлықпен марапатталды.
- Мен мектеп қабырғасынан еріктілікпен айналысамын. Қайырымдылық жәрмеңкелері мен концерттерін ұйымдастырып, мұқтаж жандарға қолғабыс етеміз. Қоғамға пайдамды тигізіп, айналаны жақсылыққа бөлеуге тырысамын. Болашақта қызметке орналасқан кезде де еріктілікті тастамаймын, - деп атап өтті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Аружан Құрымбаева.

Бүгінде елімізде еріктілікпен айналысуға ниет білдіргендердің қатары артып келеді. Оның қоғам үшін маңыздылығы аса жоғары.
- Қазақ халқы жақынға қолдаумен және бауырмалдығымен таныла білген. Бұл ретте халқымыздың асар дәстүрін атап өтуге болады. Сондықтан еріктілік біздің салтымызда деп нақты айтуға болады. Ерікті – кез келген жас үшін өзінің ойларын жүзеге асыру мүмкіндігі. Еріктілер - еңбекқор, ақысыз негізде халықтың игілігі үшін тер төгетін азаматтар, - деп атап өтті Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

