Елдегі жетекші партияның құрылғанына 18 жыл. Бұл уақыттың ішінде «Нұр Отан» сындарлы жолды еңсеріп, қазақстандықтардың мүддесін қорғауға басымдық беріп отыр.

1 наурыз – Алғыс айту күні ғана емес, ҚХА және «Нұр Отан» құрылған күн. Бұл мерекеде нұотандықтардың қатарын үш мың отандасымыз толықтырған. Партия қатарына жас ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер, шахтерлер, металлургтер, спортшылар, әртістер, т.б. кірді. «Нұр Отанның» туған күніне орай партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстанның түрлі аймақтарынан келген белсенді 18 адамға мүшелік билеттерді тапсырды.
Салтанатты іс-шарадан кейін жас партия мүшелері Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. 2016 жылдың 1 наурызында Кітапханада Мемлекет басшысы нұротандықтарды партияның құрылған күнімен құттықтап, миллионыншы партиялық билетті табыстаған болатын.

– Қазақстанда Алғыс айту күні мен «Нұр Отан» партиясының құрылған күні тұспа-тұс келеді. Елдегі тұрақтылық пен төбеміздегі ашық аспан үшін Елбасына алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі алмағайып заманда мемлекеттегі тұрақтылықтың маңызы зор. Бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлының қолынан партиялық билеттер алдық. Жас партия мүшелері ретінде Президентіміздің идеялары мен бастамаларын жүзеге асыру үшін Елбасы кітапханасынан жаңа серпін алуды ұйғардық, - дейді «Казхром ТҰК» АҚ Дон тау-байыту комбинаты филиалының энергоменеджмент жүйесі бойынша инженері Асылбек Жалмұханбет.
– Актерлік сахнада кәсіби икемділікті жетілдіруден бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысамын. Алғыс айту күнінде Елбасымызға ел азаматтарының бақытты, тыныш өмір үшін ризашылығымды білдіргім келеді, - деп ойымен бөлісті «Әбіш әлемі» республикалық театр фестивалінің бас жүлдесін иеленген, Маңғыстау облысы Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының әртісі Жазира Ходжахмедова.

Елбасы кітапханасына жиі келетін партия мүшелері аталмыш мереке күні де қонақ болды. «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының өкілдері – Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің өкілдері Кітапхананың тарихи, мәдени, архивтік материалдарымен танысты.
«Нұр Отан» құрылған күні Елбасы кітапханасына келіп, Қазақстанның тәуелсіздік алған уақытынан бастап осы күнге дейінгі жетістіктерімен жақын танысып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын жаңа қырдан таныдық. Музей сақтауындағы жәдігерлер еліміздің әлемдегі беделі жоғары екендігін паш етеді. Экскурсия барысында рухани және мәдени азық алдым, - деп әсерімен бөлісті Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің Техникалық қамтамасыздандыру бөлімінің жетекші маманы Жантөре Айтуғанұлы.

23 ақпан күні Елбасы кітапханасымен еліміздің әр аймағынан келген 40 жуық партия мүшелері, «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебінің тыңдаушылары танысты. Келушілер Елбасының идеялары мен мемлекетіміздің жетістіктерімен танысып, мақтаныш сезіміне бөленгендерін айтты.